Батыс Қазақстан облысында 31 жастағы жігіт «жедел жәрдем» көлігін ұрлап айдап кеткен. Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, Бәйтерек ауданының тұрғыны аяғын жарақаттап алып, үйіне «жедел жәрдем» шақыртқан. Кейін дәрігерлер оны ауруханаға алып кетеді. Бірақ үйіне жаяу қайтқысы келмеген жігіт дәрігерлердің көлігіне көз тігіп, рұқсатсыз рөлге отырады. Ішімдікке тойып алған серінің сапары бірақ ұзаққа созылмады. Мектеп ауласының қоршауына соғылған, ал өзі қуғыншылар жеткенше қашып кеткен.
Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:
Қазіргі таңда бұл азамат ұсталды. Қылмыстық Кодекстің 200-ші бабы бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл заң бойынша айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Енді жаяу жүргісі келмей, жазықты болған жігіт бүлінген көлікті қалпына келтіруі тиіс. Бәйтерек аудандық ауруханасының өкілдері «жедел жәрдем» көлігіне айтарлықтай залал келді дейді.
Тимур МҰСАҒАЛИЕВ, БӘЙТЕРЕК АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жақында ғана алған су жаңа көлік еді. Қаншалықты бүлінгенін анықтауға шақыртқан маман шығынды 400 мың теңгеге бағалады.Сондай-ақ кінәлі азаматтың жағдайын тексерген біздің нарколог дәрігер оның арақ ішкенін, тіпті есірткі қолданғанын да анықтады.
Е. Карин