Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада кәріз құбырына құлап, мерт болған баланың ата-анасы әділдік іздеп жүр

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2021
  • 1413

Екі жылға созылған қылмыстық іс. Елордада кәріз құбырына түсіп, қаза тапқан баланың ата-анасы әділдік іздеп жүр. Бұған дейін 2 рет сот отырысы өтсе де, судья мен тергеушілер бір ымыраға келе алар емес.  Осылай деген марқұмның анасы жуырда өтетін сот отырысынан да қайыр болмай ма деп қауіптенеді. Себебі, іске қатысы бар күдіктілердің тек біреуі ғана жауапкершілікке тартылыпты.  Қайғыдан қан жұтқан  ана бұл шешіммен келіспеймін дейді. Мәселенің мән-жайын Ғалымжан Өтемісов анықтап көрді.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Ойынға шығып қыршыннан қиылған 13 жасар бала осы маңдағы аузы ашық тұрған құбырлардың біріне құлаган.  Анасының айтуынша, құбырдың тереңдігі бақандай 4 метр. Өмір мен өлім арасында арпалысқан баланың мәйіті тек 4 күннен кейін ғана табылыпты. Медициналық сараптама баланың денесін үсік шалып, аштан өлген деген корытынды шығарған.


Қайғылы оқиғаның болғанына 2 жылдан асса да, әділдік іздеген ата-ана әлі шырылдап жүр. Бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.  Олар кәріз құбырына жауапты «Астана су арнасы» серіктестігінің басшылығын кінәлайды.  Алайда    Алматы аудандық филиалының басшысы ғана жауапкершілікке тартылған.   Марқұмның анасы Перизат Шынықбаева бұл  тергеушілердің жауапсыздығынан дейді. Сот төрағалары да істе былықтың көп екенін алға тартып, бірнеше рет тергеуді қайта жүргізуді тапсырған. Бірақ ол да нәтижесіз дейді ашынған ана.     

Перизат ШЫНЫҚБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Судьялар да менің айыптауларымды қолдап отыр. Іске обьективті баға беруін сұрап, бірнеше рет кері қайтарды. Бірақ тергеушілер әлі күнге ешқандай өзгеріс енгізе алмай отыр. Құбырды қабылдауға жоғары басшылықтың ешқандай қатысы жоқ деген қисынға келмейді.

Ал тергеушілер бұл істің ақ-қарасын анықтау қиынға соққанын айтады. Себебі күдікті әлі күнге өз кінәні мойындамаған. Бірақ тергеу нәтижесімен  аудандық кәріз құбырларына жауапты   азаматқа  ғана сот үш жыл  бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Ал «Астана су арнасы» серіктестігінің басшыларына қатысты айыптаулар дәлелсіз деп отыр.

Зәуреш АЮПОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ТЕРГЕУШІСІ:

Кәріз құбыры қолданысқа берілгенінен серіктестіктің бас диреткоры хабарсыз болған. Жерглікті қызмет басшылығы өздері қол қойып, бухгалтерияға жөнелткен. Сондықтан, бұл жерде тек ғана қабылдап алып, қол қойған жергілікті кәріз құбырларына жауапты азамат ғана жауапкершлікке тартылуы тиіс.

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, осыған байланысты тағы бірнеше іс қозғалды. Себебі, құбырға түсіп мерт болған қызметкерлер де бар.  27 мамырда сот отырысы өтеді.  

Ғ.Өтемісов