Қарлаг тарихын зерттеуді күшейту керек. Қоғам қайраткерлері мен ғалымдар Қарағандыда өткен ғылыми- тәжірибелік конференцияда осылай деді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шарада мұнан өзге де мәселелер талқыланып, сараланды.
Еліміздің ғалымдары мен қоғам қайраткерлері 30- ыншы жылдардағы саяси қуғын- сүргін және ашаршылық тақырыбын жылдар бойы зерттеп келеді. «Тарихтан тағылым- өткенге тағзым» жобасы әзірленген. Тың ақпараттар мен ғылыми зеттеулерге негізделген ондаған кітап жарық көрді. Жыл сайын 31- мамырда Спасск мемориалдық кешеніне көп адам жиналатын. Бірақ биыл пандемияға байланысты конференция онлайн режимінде өтті.
Абзал НҮКЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әрине сол бір қасіретті жылдарды тебіренбей еске алу мүмкін емес. 25 мыңнан астам оқыған азаматтарымыз ату жазасына кесілді. 100 мыңға тарта арыстарымыз ит жеккенге айдалды. Млн- даған өзге этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды.Қазақ халқы солардың барлығын бауырына басып, өзім дегенді өзекке теппеді.
Қарағандылық ғалымдар мұрағаттарды терең зерттеп Долинка кентіндегі Мамочкино бейітінің тарихын толықтыруды ұсынды. Бұл жерде Қарлагта көз жұмған әйелдер мен олардың балалары жерленген. Көбінің аты- жөні әлі анықталмаған.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Е. А. БУКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРМУ РЕКТОРЫ:
Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын- сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен ұлттарды бауырына басты. Бұл күнде қазақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдері біздің бауырларымызға, отандастарымызға, біртұтас мемлекетіміздің азаматтарына айналды. Тар жерде табысқандардың ұрпағы кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды.
Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әр өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарының құжаттарын зерттейтін комиссия құрылды. Жала жабылғандарды толық ақтау жұмыстары басталды. Ол үшін ғалымдар бұрын соңды жарияланбаған, тасада қалған мәліметтерді жинақтамақ.
А.Қуаш