Русский Сайттың толық нұсқасы

Киевте алғаш рет қазақ диаспорасының құрылтайы өтті

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2021
  • 1722

Киевте алғаш рет қазақ диаспорасының құрылтайы өтті. Іс-шара Қазақстанның 30 жылдығына орайластырылған. Оған Украинаның барлық   аймағынан   100-ге жуық қандас қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен Украиналық депутаттар да болды. Жиынның негізгі мақсаты – жырақта жүрген азаматтардың басын қосып, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты дәріптеу. Толығырақ, келесі бейнематериалда.  

Макка Қаражанова – Украинадағы қандастарымыздың бірі. 15 жылдан бері Харьков қаласындағы «Бірлік» атты қоғамдық ұйымды басқарып келеді. Киевте алғаш өткізіліп жатқан қазақ диаспорасының құрылтайына арнайы келген. Бұл тек бас қосу емес, өткен күнге есеп беріп, бағыт-бағдарды айқындауға тамаша мүмкіндік, дейді.

Макка ҚАРАЖАНОВА, ХАРЬКОВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «БІРЛІК» ҚАЗАҚ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:


Әртүрлі кішігірім топ мен ұйымдар жабылып, оның орнына Украинадағы қазақтардың басын қосатын үлкен ұйым пайда болады деп үміттенемін. Одесса, Харьков, Киев, Днепропетровск және басқа да қалаларда өмір сүріп жатқан талантты отандастырымыз өте көп. Бір бірімізбен ақпарат алмасып, араласып тұрғанымыз маңызды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Украинада 60 мыңға жуық қазақ тұрады. Оларды біріктіріп, жат елде өзін еркін сезінуі үшін құрылған бірнеше ұйым  бар. Соның бірі – өткен жылы негізі қаланған «Абай» мәдени-іскерлік орталығы. Енді осы елдегі қазақтардың ассоциациясы пайда болмақ. Бұл туралы елші Дархан Қалетаев мәлімдеді.

Дархан ҚАЛЕТАЕВ,  ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларымен байланысын үзбейді және оларды әрдайым қолдайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Отандастар» қоры құрылды. Қор Украинадағы қазақ диаспорасымен тікелей жұмыс істейді, ересектер мен балаларға арналған қазақ тілін оқытудың онлайн курсын ұйымдастырады, мәдени, іскерлік және басқа да байланыстарды нығайтып, дамытады.

Жиын соңында қатысушылар  арналған үндеу қабылдады. Сол арқылы  өзге елдегі қандастарымыз  Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық реформаларға қолдау білдірді.

Батыр НИЯЗБЕКОВ, «ДОСТЫҚ» ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндағы басты мақсат осы жақтағы қазақтардың басын бір ту астында біріктіріп, алдағы бағыт бағдарды айқындау. Қандай жұмыстар атқарамыз, яғни осында Украина жерінде тұрып жатқан қазақтардың алдағы жоспары қандай. Олар қандай салада жұмыс жасайды, қандай бағытта өсіп, өніп өркендеуде. Ондағы мақсат – бірігу.

Шара барысында сондай-ақ бүлдіршіндердің шығармашылығына арналған   картиналар көрмесі  өтті. Ән-мен күй де болды.  Ұйымдастырушылар «Air Astana» әуекомпаниясымен бірігіп,  қатысушылар арасында ұтыс ойынын  өткізді. Жеңген адамға Қазақстанның кез-келген қаласына тегін екі билет берілді.

Ә. Өмірзақ