Сауд Арабиясы, 1 миллион 700 шетелдікті қосқанда, 2 миллионға жуық парызын өтеушілерді қабылдауға дайын. Елдің ішкі істер министрлігі осындай хабар таратты. Құрбан айт қарсаңында Меккеде үлкен қажылық парызын өтеу шаралары басталды. Қазақ жерінен барған 2 500 қажы умра қажылығын өтеген соң, Мина жазығы мен Арафат тауында өтетін үлкен құлшылық сапарына жол тартты. Қажылық миссиясымен бірге жүрген тілшіміз Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Меккеге келіп жеткен миллиондаған мұсылман үшін үлкен қажылық басталды. Қажылықтың негізгі парыздарын орындау үш күнге созылады. Осы үш күнде қажылық шарттарымен бірге өтеу амалы ретінде жүз мыңдаған бас мал құрбандыққа шалынады.
Әжіхан Мұхаметжанова Алматы облысы Жаркент өңірінен бес парыздың бірін өтеуге келген. Қария - биылғы қағбаны бетке алған құрамдағы ең қарт адам. Жақында 95 жасқа келген ақ самайлы әжені 26 немересі, 44 шөбересі мен 3 туажаты елде күтіп отыр. Жүріп-тұра алмайтын апамыз қажылықтың шарттарын өзінің екі туған қызымен бірге өтеп шығуға тәуекел еткен.
Әжіхан Мұхаметжанова, қажы:
Ел-жұрт аман болсын! Көрмеген соғысымыз жоқ. Көрмеген ашаршылығымыз жоқ. Тынышылық болса екен деймін. Менің жасыма келіңдер бәрің де. Мен Алла тағала қуаттандым келдім. Бәрі жақсы. Тамақ та жақсы.
Гүлсім Оспанбаева, қажы:
Жылда ойланамыз. Денсаулығы көтере ме деген оймен жүрдік. Содан міне Бүбіхан әпкеміз екеуміз тәуекел етіп, осы жолға шықтық. Жақсы, Алла, тәуекел етсең, қолдайды дейді ғой.
Дәл осы уақытта қазақстандық қажылар, қажылықтың ең негізгі үш парызын орындау үшін, Мина жазығына аттанып жатыр. Отандастарымыздың барлығы құлшылық орындарына арнайы автобустармен жеткізіліп, алдын ала бөлінген шатырларға орналасқан. Биыл қажылардың арасында қарттар көп. Сондықтан алыстан жеткен жерлестеріміздің күні-түні құлшылық етуі үшін жауапкершілік арнайы бекітілген жолсеріктер мен имамдарға жүктелді. Парыздарды өтеу барысында денсаулығы сыр бергендер үшін миссия құрамында білікті дәрігерлер мен бірнеше адамға арналған стационарлық қосын ұйымдастырылған.
Руслан Ізбасаров, Қазақстан қажылық миссиясының өкілі, дәрігер:
Біреулерінің қан қысымы бар, біреулерінің буыны ауырады, жүректері ауыратындар бар. Енді бір біріне қарап жүр дейміз. Екіншіден, әр фирмада өздерінің дәрігерлері бар. Денсаулықтарын қадағалап, қан қысымын өлшеп, көмектесіп отырады.
Қажылық миссиясы Меккеде орналасқан қазақстандық 17 фирманың жұмысын жіті қадағалау үшін арнайы рейд ұйымдастарды. Қажылардың қонақ үйі, тамақтануы мен денсаулығын бақылауын қатаң ескертті. Биыл барлығы 2500 қазақстандық қажылық рәсімді орындамақ. Мұсылманның бес парызының бірін өтеу үшін жүрген жерлестеріміздің алдыңғы легі 6 қыркүйекте елге қайта бастайды.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ