Русский Сайттың толық нұсқасы

Халықаралық жарыста қазақстандық семсершілер өзге елдің киімін киюге мәжбүр болды

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2021
  • 2615

Халықаралық жарысқа барған петропавлдық семсершілер өзге елдің  киімін киюге мәжбүр болған. "Себебі құзырлы органдар   тиісті киім-кешекпен қамтамасыз етпеді" дейді олар. Айтуларынша, аймақ әкімдігі семсерлесу спортын мүлдем назардан тыс  қалдырған. Спортшылар бізге хабарласып, шағымдарын айтты. Абзал  Құрманкин жеткізеді.

Артем Сенинг спорттың бұл түріне 2012 жылы ден қойған. Қызылжарлық «Жеңіс» клубының шәкірті содан бері қазақстандық біріншіліктерде топ жарып жүр.  Ал биыл Мысыр елінде өткен әлем чемпионатына қатысыпғ бақ сынады. Бірақ,  алғашқы халықаралық жарыс көңілді түсірді. Спорт  киімі дұрыс болмай, жұрттың алдында ұятқа қалыпты.

Артем СЕНИНГ, СЕМСЕРШІ:

Халықаралық жарыста арнайы электр жилеті керек. Менде ол болмады. Әке-шешім оны сатып алуға ақша берген.Бірақ Мысыр еліндегі дүкен жабық болды. Сондықтан өзге елдерден келген қатысушылардан сұрауға тура келді. Украиналықтар біздің жағдайымызды түсініп, өз киімін ұсынды. Мен Хурин, Украина деп жазылған жилетті киіп, сонымен 7 жекпе-жек өткіздім.

Жаттықтырушы Виталий Гладков спорт басқармасынан бірнеше жылдан бері киімге қаражат сұрап жүргенін айтады. Алайда,  қажетті  3,5 миллион теңгені бөлмей отыр, дейді. Басшылықтың сараңдығынан шаршаған бапкер бір ай бұрын жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Қазір семсершілерді өз еркімен тегін жаттықтырып жүр.

Виталий ГЛАДКОВ, АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:


Спорт басқармасы бізге керек жарақты соңғы рет 5-6 жыл бұрын сатып алды. Спорттық киімнің тозатын қасиеті бар. 5 жылдың ішінде біздің бірнеше бала спорт шебері атанды. Республикалық жарыстарда ылғи жүлделі орындарға ие боламыз. Ал Мысырда өткен әлем чемпионатында 50 елдің ішінде тоғызыншы орынға ие болдық. Мен үш жылдан бері басқарманың табалдырығын тоздырып жүрмін. Бірақ ылғи ауызды құрғақ шөппен сүртеді.
 

Спорт басқармасының басшылығы   семсершілерге былтыр  бір жарым миллион теңге бөлінгенін  айтады. Ал биыл клубтың атынан жабдыққа қатысты ешқандай талап-арыз келмеді, дейді.

Әсет ИГЕНБАЕВ, СҚО СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Өткен жылы жабдыққа мемлекеттік тапсырыс берілді. Бірақ тауар ұсынушылар табылмады. Биыл тағы бір жарым миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат нақты қандай киімге жететінін мен айта алмаймын. Ал Каир қаласында өткен әлем чемпионатына қатысу үшін біз спортшылардың барлық жол шығынын көтердік. Жабдық туралы әңгіме қозғалған жоқ. Егер қаражат сұраса, басқарма берер еді.

Семсершілер   1 жарым миллион теңге жыртықты жамауға да жетпейді дейді.  Киім-кешек мәселесін шеше алмайды.  Олардың ойынша, тауар ұсынушылардың табылмауының да себебі осы.

А. Құрманкин