Русский Сайттың толық нұсқасы

Аршавинге төленетін қыруар ақша балалар спортына жұмсалсын - М.Тінікеев

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2016
  • 1583

Мәдениет және спорт министрі парламент қабырғасында дене шынықтыру және спорт сағатын өткізді. Арыстанбек Мұхамедиұлы, заң шығарушы орган ғимаратына бұлшық етті шынықтыратын темір-терсектері мен спорттық киімдерін ала келді. Бірақ депутаттар министр әкелген киімге де қызықпады, спорттық снарядтарға да қарғып мінген жоқ. Есесіне, сұрақ әдеттегідей көп. Тәбеті тым жоғары легионерлер, допинг дауы, футбол және бұқаралық спорт жайы. Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Мәжіліс отырысы өтетін парламент ғимаратының үшінші қабаты бірнеше сағатқа спорт алаңына айналғандай. Депутаттар алдына министр Арыстанбек Мұхамедиұлы есеп бере келді. Сылдыр сөзбен шектелгісі келмеген болар, спорттық ауыр снарядтары мен киімдерді жайып салды. Депутаттар епті жігіттердің қимылына қызыға қарағанымен, қайталауға құлшыныс білдірген жоқ. Министрдің спортқа қатысты қысқа баяндамасынан кейін, сұрақтар жаңбырша жауды. «Бразилияда доп қуған бала қайда, нәтиже қайда» дейді Нұртай Сабильянов.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жасөспірімдерді оқуға жіберіп жатыр. Жылына 100 миллион төлеп жатырмыз. Биыл 200 миллион төлейміз. 25 бала 3 жыл бойы оқып келеді. 50 бала бітірді осы уақытқа дейін. Бірақ біз сол жасөспірімдердің жетістігін көрген жоқпыз.

Министр ол жастардың жұлдызды шағы әлі де алда екеніне сенеді. Әлемдік футболда бозбала шағында атой салған спортшылардың мысалдары көп болса да, Арыстанбек Мұхамедиұлы үшін 17-18-дегі біздің ойыншылар әлі бала.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

17-18 жастағы жасөспірімдер. Олардың келешегі өте зор. Енді біздің мақсатымыз - бірден келісімен жоғары нәтиже көрсетсе екен деген арманымыз. Мен ойлаймын, олар алдына қойған мақсатын орындауы керек. Мен өз сөзімде айтып кеттім. Біз Бразилия мемлекетімен ғана шектеліп қоймауымыз керек. Біз қазір анализ жасап қарасақ, ең футболды жақсы дайындайтын мемлекет - Германия  мен Нидерланды мектептері. Біздің қазіргі мақсат - көбірек сол мемлекеттерге жастарды жіберу.

Ол жақтағы қара домалақтардың оқуы Қазақстанға қаншаға түсетіні әзірге беймәлім. Отандық спорттың алдында тұрған тағы бір күрделі мәселе - Рио олимпиадасында жақсы нәтиже көрсету. Бұл жүлде алу ғана емес, даудан аман қайту, дейді министр. Еске салайық, бұған дейін еліміздің тоғыз бірдей зілтеміршісінің есімдері допинг дауына қатысты аталған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Өткен ойындардың допингісін ашса, әрине, ол бүкіл дүние жүзіне ыңғайсыз жағдайлар бізге де, Қазақстанға, тиіп кетуі мүмкін. Сол жағынан біз, әрине, Рио де Жайнейроға бірінші дайындық осы допинг саласын, неге десеңіз, жіберген азаматтарымыз сол жерде жетістікке жетіп, артынан допинг шықса, бәрімізге келеңсіз жағдай алып келер еді.

Ол үшін еліміз спорттық медицинаны мықтап қолға алмақ. Депутаттар Қазақстаннан шетелдік спортшылардың қаймақ қалқып отырғанына қапалы.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Аршавинге миллионнан асатын жалақы тағайындалды. Ойлап көріңіз, жылына миллион АҚШ ақшасы. Айына 30 мың доллардан алатын легионерлер бар. Бізге ондай футбол керек пе өзі? Неліктен бұл ақша балалар спортын дамытуға жұмсалмайды. 

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Сұрақ ашық күйде қалды. Ақшаны легионер әкетіп, ел спорты кенже қалмас үшін, жергілікті бюджетті бекітуде әкім-қаралар бұқаралық спортқа да көңіл бөлсін дейді министр. Оның сөзінше, республикалық бюджеттен де, қалалардың қазынасынан да спортқа бөлінетін ақша тым аз. Кемшіліктің көзін жою үшін Мәдениет және спорт министрлігі жақын арада депутаттарға спорт туралы жаңа заң жобасын ұсынады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ