Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордадағы уақытша екпе егу пункттері жабылып қалды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2021
  • 1900

Елордадағы уақытша екпе егу пункттері жабылып қалды. Себебі, олардың жұмысы нәтиже бермеген. Енді сауда орындарының жұмыс уақыты шектелмек. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары айтты. Ел астанасы «қызыл» аймақтан әлі шаға алмай келеді. Бұдан бөлек, халық арасында шу туғызған "Ashyq" қосымшасында тағы не өзгереді? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында, толығырақ.

Бас қаладағы 11 екпе пунктінің үшеуі өз жұмысын тоқтатты. Базарларда орналасқан вакциналау орындары еш нәтиже бермеген. Мамандардың айтуынша, препаратты салғызатындардың саны күніне 10 адамға да жетпепті. Десе де, вакцинация пунктін ашып, жұмысын қалыпқа келтіргісі келетіндердің қатары көп. Ол үшін не істеу керек?

Айнұр ДӘУЛЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Вакциналау пункттерін ашу үшін осы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жүгінуі қажет. Мысалы үшін сауда маңайында, жақын жерде медициналық емханалар болмаған жағдайда халыққа қолжетімді болуы үшін осы сауда орталығына орналастыру сұрағы қарастырылуы мүмкін.

Енді базарлар әдеттегідей тек жұмыс күндері ғана, таңғы сағат 10:00 мен кешкі 22:00-дің арасында жұмыс істейді. Кәсіпкерлік субъектілердің құтқарушысына айналған "Ashyq-тың" жұмысына оралсақ. Кейде деректерді қате көрсетеді, кейде тіпті істен шығады. Бірақ, министрлік әупірімдеп жүріп түзеткендей. Бағдарлама толық істеп тұр деп айтуға тіл бармайды, екпе алғандардың статусы әлі "көк". Бұл жолы Бағдат Мусин мынадай уәде берді.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:


Біз бұл жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жүргізіп жатырмыз. Келесі аптаның басында, жалпы алғанда, бізде барлық вакцина алғандар "Ashyq" қосымшасында «жасыл» мәртебеге ие болады деген жоспар бар. Азаматтардың бұл статусы 1 жылға ғана жарамды.

Айтпақшы, халыққа қызмет көрсету орталығына баруға азаматтар алдын ала жазылу жүйесі алынып тасталуы мүмкін. Өйткені онда да "Ashyq" бағдарламасы енгізіледі. Әзірге, шешім қабылданған жоқ. Соңғы түйінді ведомствоаралық комиссия айтуы тиіс. Дегенмен аймақтарда санитарлық ережелерді сақтамайтындар әлі де көп. Жыл басынан бері республика бойынша 10 мыңнан аса заң бұзушылық тіркеліп, 772 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ай соңына дейін тағы мыңға таяу тексеріс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.  

А. Данияр