Русский Сайттың толық нұсқасы

Төтенше жағдай қызметі техникалық жабдықтармен толық қамтылмаған - Сенатор

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2021
  • 1956

Төтенше жағдайлар саласының 8 мыңға жуық қызметкері баспанаға мұқтаж. Елімізде құтқарушылар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек. Сенатор Сергей Ершов осындай ұсыныс жасады. Ол өзінің Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында төтеншеліктерге қолайлы жағдай жасау тетіктері туралы айтты.  Депутаттың пікірінше, аймақтарда тілсіз жаудан құтқару мәселесі тұралап қалған. Тіпті техникалық құрал-жабдықтардың өзі  жетіспейді.

Суға батты, өртке оранды, адасып кетті. Бұрын арагідік кездесетін  осындай жаңалықтардан қазір аяқ алып жүре алмайсың.     

Жұрттан " өрт сөндірушілер отты тез ауыздықтай алмады, құтқарушылар судан әлі таба алмай жатыр"   деген сөзді жиі естиміз. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Салада қордаланған проблема көп.  Елдің үштен бірі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан, онда алты миллионнан астам адам тұрады және өнеркәсіптік әлеуеттің шамамен 40 пайызы шоғырланған. Төтеншеліктердің қажетті инженерлік-техникалық құралдармен, көлікпен қамтамасыз ету 58 пайыздан сәл ғана асады. Осының кесірінен сейсмикалық апаттардың алдын алу   тұралап тұр,-дейді Сергей Ершов.

Сергей ЕРШОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Халықты қорғауға және ел аумағының қауіпсіздігіне арналған әлеуметтік маңызы бар объектілерді салуға арналған шығыстар қысқаруда.Бірақ бұған қарамастан, республикалық комиссия 2021 жылы бұл салаға 11 миллиард теңге бөлу туралы шешімді қолдамады. Бұл расымен көңілді түсіретін жағдай.


Төтенше жағдай министрлігі де сенатордың сөзімен келіседі. Соңғы жылдары 600-ге жуық техника сатып алынса да, материалдық-техникалық база әлі де сын көтермейді. Ескі-құсқыны толық жаңарту мүмкін болмай тұр.  Ол үшін қосымша   31,5 миллиард қаржы бөлінгенімен, барлық қажетті техниканың тек 54 пайызы ғана қамтылды дейді.

Рамазан НАЗУРОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ ӨРТ СӨНДІРУ КОМИТЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қаншалықты қаржы бөлініп, техника сатып алынса да өңірлердегі қажеттілікті толық қанағаттандыра алмай отырмыз. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды. Мұның бәрі жергілікті жердегі халық пен қажеттілік мөлшерін ескеріп жасалады.

Тағы бір мәселе - ТЖ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазір республикалық бюджеттен тұрғын үй төлемдеріне қосымша қаражат бөлу қажеттілігі жылына -шамамен 8,6 миллиард теңге. "Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысы да ішкі істер қызметкерлерінен кем емес. Сондықтан, жылдар бойы қордаланған мәселені жеделдетіп шешу керек" деді сенатор.

Ғ.Өтемісов