Русский Сайттың толық нұсқасы

Шулаған ит пен сасық иіс елорда тұрғындарының мазасын қашырды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2021
  • 1919

Елордада иесіз, қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын орталықтың дәл жанындағы көпқабатты үйдің тұрғындары редакциямызға хабарласып, шағымдарын жеткізді.  Олардың айтуынша, есіктерінің алды иттің сүйегі мен тамақ қалдықтарына толған. Оны ұстап, ойнаған балалар ауруға шалдығып жатыр. Ал сасыған иістен   демалу мүмкін емес дейді. Сол жерге барып, тұрғындармен тілдескен тілшіміз Ақбота Базарбай мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Иттің өлексесі, шашылған тамақ қалдықтары мен оған үймелеген көк шыбын. Қоланса иіс қолқаны қабады. Осының ортасында тұрып жатқан тұрғындар ашулы. Иттен қалған сүйектерді балалар ойыншық етеді. Содан ауызы уылып, денелеріне жара пайда болды дейді.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге күніне жәшік-жәшік ет пен түрлі тамақ қалдықтары әкелінеді. Ол ит қамалған ашық алаңға төгіледі. Оған шыбын үймелеп, сасық иіс пайда болады. Өлекселерді де дәл осы жерде өртейтін көрінеді.  Күйген құйқның иісіне тұншыққан жұрт  кімнен көмек сұрарын білмей дал.   

Нұрзила, ТҰРҒЫН:

Не тазартылмайды. Жаңа өздеріңіз көргендей, мына жерде мусор жетеді, өлген ит жетеді. Иттерін бұлар өртейді. Мына жақтан түтін шығады. Тереземізді аша алмаймыз, балаларымызды кешке сыртқа шығара алмаймыз.

300 орынға лайықталған қорада қазір  мың жарымнан астам ит бар. Оған қоса мысық та жүр. Арнайы құтыға сыймағандары  сыртта көсіліп жатады. Тұрғындар: "Жануармен бірге бүрге өріп, үйімізге кіріп жатыр" деп   ашуланады.

Иттерді уақытша ұстайтын бұл орталық басшысы "тұрған жеріміз заңды, құжаттарымыз түгел" дейді. "Ешкімге зиян тигізіп жатқанымыз жоқ" деп ақталады.  

Асқар ӘУЕЛБЕК, «АСТАНА ВЕТСЕРВИС» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

Жоспар бойынша 300 иттей тұру керек. 300 иттің 300 темір торлары бар. Сол темір торларды күнде сағат 9-дан бастап, 6-ға дейін 6 жұмыскеріміз бар күнде тазалау жұмыстарымен айналысады. Күнде.


Тұрғындар өткен жылы да әкімдікке шағымданған. Құзырлы  орын өкілдері  "орталықты басқа жаққа көшіреміз"  деп сөз беріпті. Алайда, одан бері ешқандай шара қолданбаған. Мамандардың  айтуынша, қалада  ит ұстайтын екі орын бар. Екеуі де толы. Себебі бас шаһарда қаңғыған   ит-мысық өте көп.

А. Базарбай