Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда масаның күрт көбеюіне тендердің өткізілмей қалуы себеп болған

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2021
  • 1934

Павлодар қаласында масаның күрт көбеюіне тендердің өткізілмей қалуы себеп болған. Қансорғыштарды жою жұмысына бөлінген 52 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Павлодар қаласының әкімдігі былтырдан бері дезинсекциялық жұмыс жүргізетін бірде-бір мердігер таба алмапты. Соның кесірінен облыс орталығы мен қалаға қарасты 4 ауылда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген.  Біз осыған дейін   керекуліктердің масадан  зардап шегіп отырғаны туралы бейнематериал берген болатынбыз.  Соның артынша   арнайы жиын өткізген өңір атқамінерлері  біраз  олқылықтың бетін ашты.  

Ержан ИМАНСІЛӘМ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қаражат қаңтар айында бөлініп, конкурс жарияланды. Бірақ, наурыз және сәуір айларында тендерді өткізе алмадық. Себебі, конкурсқа қатысушы мердігердің құжаты талапқа сай болмай шықты. Жалғыз қатысушымен тендер өткізу заңсыз. Сондықтан, тендерді өткізбедік.  Қазір жер қойнауын пайдалану басқармасы  облыстағы жалғыз мердігермен  қалада улау жұмыстарын жасап жатыр.

Осыған орай облыс орталығында улау жұмыстары кеш басталған.  Бақандай 20 күнге  қалып қойыпты.  Салдарынан  шыбын-шіркей тұқым шашып  үлгерген.   Мамандар, улау жұмыстарының нәтиже бермеуіне осы фактор әсер етті дейді.Шенділер Павлодар ауылында үй құстарының қырылуына да маса себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.  Естеріңізге салайық, күні кеше қала іргесіндегі елді-мекенде бір күнде 5 қаз бен 100 жуық балапанның қырылып қалғанын да көрсеткен болатынбыз.

Рашид НҰРБЕКОВ, ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өлген қаздарды сою кезінде олардың тыныс жолдарына шіркейлердің кіргенін анықтадық. Басқа да вирустың бар жоғын анықтау мақсатында сынама алдық. Сараптама нәтижесін нақтылау үшін республикалық орталыққа жібердік.  Соңғы шешімді  сонда шығатын болады.

Ө. Қуанар