Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалықтар су тапшылығын тартып отыр

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2021
  • 2311

Сырдарияда су жоқ!  Тіршілігі суға тәуелді  Сыр халқы дабыл қағуда.   
Бұл мәселе тез арада шешілмесе, аграрлы аймақ алдағы  жылдары  егінсіз қалуы мүмкін. Биыл су тапшылығына байланысты егілетін күріш көлемі біршама азайтылды. Соның өзінде шаруалар алқаптарға су жеткізе алмай, қиналып отыр. Мөлдір Тоқтасынқызы жалғастырады.

Жылда қырманы жайқалып, астығы бітік шығатын сыр жұртшылығының   жағдайы биыл мәз емес. Сырдың суы сыздықтап, күріш көлемі былтырғыдан азайған. Шаруашылықтар  суды арнайы шектеумен алып отыр. Соның өзінде,  кейбір қожалықтар күрішті әлі суға бастырмаған.  
 
Бауыржан ОСПАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫНЫҢ  МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жаңақорғаннан бастап Аралға дейін су тапшылығы сезілуде. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 484 млн. текше метрге кем болып отыр. 188, 2 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Былтырғымен салыстырғанда 89,5 мың гектар болса, қазіргі таңда ол 82,9 мың гектар болып белгіленіп, 6 600 гектарға күріш егісі қысқарып отыр.

Жағдай күрделі. Оның үстіне бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде талқыланып жатқан Түркістан облысындағы су нысандарын дамытудың жоспары  қызылордалықтардың көңілін онан сайын күпті етті. Өзеннің төменгі жағында орналасқан аймақтың тұрғындары  тіршілік нәріне тіпті тарығып қалмаймыз ба деп алаңдайды.   Мамандар да бұл жобаға күмәнмен қарайды.

Жорабек НҰРЫМБЕТОВ, "ҚЫЗЫЛОРДАСУШАР" ӨНДІРІСТІК УЧАСКЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Түркістан облысын ашылады деп, біз Қызылорда облысын жауып алмаймыз ба деген сұрақ әр азаматтың ойында. Бірақ мемлекет басшылары айналысып жатыр. Дегенмен, келешек олардың алатын суы лимитке кіргізіп, Шардараға түсетін судың көлемін үлкейтеміз деген әңгіме бар. Өйткені біздің лимитімізге бұл ешқандай зиянын тигізбейді деп. Бірақ үлкен-үлкен магистраль каналдар салынып жатыр. Оның бәрі Сырдария өзенінің суына әсерін тигізетіні анық. Оны жасырмауымыз керек.

Сырдарияның суы қазір тобықтан келеді. Арғы бетке кешіп өтетін жағдайға жетті. Жауаптылар өзен арнасын  толтырудың бір жолы, көршілермен тиімді келіссөз жасау екендігін жасырмайды.  Айдыны балыққа толған  Аралдың ғана емес,    Қамбаш көлінің де тартылып бара жатқаны  да  өзекті мәселе. Сондықтан бұл жағдай тезірек шешімін таппаса, экологиялық апатқа әкелуі әбден мүмкін,-дейді мамандар.
 
М. Тоқтасынқызы