Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңыр қаласында шешілмеген мәселе көп

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2021
  • 1700

«Ресей тарапы Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғанымен қаланы дамытуға қаржы бөлмейді. Соның салдарынан қаладағы тұрғын үй қоры жаңартылмайды және инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың тозығы жеткен». Сенат депутаты Бекболат Орынбеков бүгін Үкіметке   сауал жолдады. Оның айтуынша, қазір  Байқоңырда 12 мыңға жуық  пәтерде тұрып жатқан қазақстандықтар баспаналарын жекешелендіре алмай жүр. Оған қоса, қаржы жетіспеушілігі салдарынан білім алу жүйесінде де қордаланған мәселелер көп дейді депутат.

Бекболат ОРЫНБЕКОВ, ҚР СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:


Ресей Федерациясының 7 мектебінде 4 мың оқушы. Және ҚР 5 мектебінде 5200 оқушы білім алуда. Ресейлік мектептегі 4 мың оқушының 1408  оқушысы ҚР азаматтары. Олардың Ресейлік білім беру бағдарламасын оқуына байланысты мемлекеттік грантпен жоғарғы оқу орына түсу кезінде қиындықтар туындайды.


Қаржы вице-министрі Ербол Қарашөкеев депутаттық сауалға сәйкес, Байқоңыр қаласы мен қасындағы Төретам елді-мекенінің мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Биыл бұл  мақсатқа нысаналық трансферт арқылы 2,5 млрд теңге бөлінбек.  Сондай-ақ бүгін   Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы Байқоңырды жалға алу шартына түзетулер енгізілді.  Ресейге ғарыш айлағын жалға беру 2050 жылға дейін ұзартылды. Айта кетейік, Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін жалдау ақысы есебінен  115 млн АҚШ доллары шамасында қаражат түседі. Кешен жалға берілген  27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3 млрд доллардан астам  қаржы түскен.

М. Тоқтасынқызы