Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда азық-түлік пен құрылыс материалдары тым қымбат - Үкімет

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2021
  • 2651

Елде сәбіз тапшылығы туындауы мүмкін.  Бұл туралы  бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Оның сөзінше,   отандық өнім қоры жыл басымен салыстырғанда 5 есе азайған.   Сондықтан қажеттілікті импортпен толтыруға мәжбүрміз дейді министр. Ал бұл сөз жоқ, бағаға әсер етеді. Соңғы күндері онсыз да азық-түлік  пен құрылыс заттарының аспандаған құнына қатысты жұрттың наразылығы туындаған болатын. Үкімет бұл мәселені енді қалай шешпек? Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Алдағы екі айда сәбіздің құны күрт қымбаттауы мүмкін. Сұранысты импортпен толтырамыз деді,-министр. Бірақ, көмек болар көрші Өзбекстанда да баға шарықтап тұр. Оларда баға жыл басынан бері бақандай 55 пайызға өскен.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

 
Сәбіз бойынша өңірлерде қорлардың жеткілікті көлемін қалыптастырған жоқ – тұрақтандыру қорларында бар болғаны 258 тонна сақталуда. Сәбіз бойынша форвардтық сатып алу қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша 5,7 мың тоннаны құрайды, оның 73%-ті тек Алматы қаласына тиесілі.


Әйтеуір кінәлілерді іздеп әлекпіз. Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасының қымбаттауына жергілікті атқарушы органдарды айыптады. Мәселен, картоп бағасының өсуі  жылда қайталанады. Былтыр 360 мың тонна картоп экспортталған. Ал елімізде тапшылық байқалды.  Сондықтан былтыр өнімді  өзге елге   шығаруға тыйым салынды. Бірақ сонда да жетпей жатыр.  Биыл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна  картоп сатып алынған.  .

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:


Жалпы, биылғы 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47%-ке жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті тетіктері болса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта картопты ұстай алмады.Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да осы проблеманы жою бойынша тиісті шаралар қабылдамайды.  

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 6,3%-ке өсті. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының айтарлықтай қымбаттауы Түркістан, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелген. Ал Батыс Қазақстан мен Ақмола облысында баға қатты көтерілмеген.

Өңірлердегі ахуалды реттеу үшін арнайы платформа құрылды.   
Сондай-ақ құрылыс заттарының да бағасын негізсіз өсірмеу үшін тиісті шаралар қабылданады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша, жыл басынан бері бетон -12 пайызға,цемент-5 пайызға қымбаттаған. Құбырлар мен кіріпштердің де бағасы шарықтап тұр. 

Баға өсуінің негізгі себебі-электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистральдық теміржол желісі қызметінің қымбаттауынан болған дейді мамандар. Асқар Мамин құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасауды,  импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды  тапсырды.

Ғ. Өтемісов