Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО тау-кен комбинатының 400 қызметкері жұмыссыз болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2021
  • 1916

СҚО тау-кен комбинатының 400 қызметкері жұмыссыз болуы мүмкін. Өйткені цирконий концентратын шығаратын компания лицензиядан айырылды. Министрліктің мұндай шешім қабылдауына, өндіріс ошағының бірқатар талапты орындамауы себеп болған. Мәселен, кенді пайдалануға бағытталған инвестиция көлемі 2 есе аз құйылған. Одан бөлек, өндіріске жұмсалған шығын көлемі не бары 6 миллиард теңгенің шамасында, ал келісім-шартқа сай бұл көрсеткіш 4 есе артық болуы тиіс. Осының негізінде құзырлы орган кен өндіруді доғаруды талап еткен. Тығырыққа тірелген жүзден астам кәсіпорын жұмысшылары бүгін Петропавлда жиналып, облыс әкімі және құқық қорғау органдарынан көмек сұрады.

Виктор ДОЛГАЛЕВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Индустрия және инфрақұрылым министрлігі кен орнын пайдалану туралы келісім-шартты маусымның 12 күні мерзімінен ерте бұзуға бел буған. Олар өндіріске қатысты компанияға бірқатар талап қойған. Бірақ компанияның оны толық мөлшерде орындауға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен өзге құрылтайшылар бұған көніп, министрліктің талабымен келіскен. Бұның барлығы Башкир содалық компанияның ісі. Шетелдік инвестор қазақстандық компанияны сырып тастауды діттеп отыр.

Жалпы, бұл компанияға қатысты дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Обухов ауылында орналасқан бұл кен орнының 6 құрылтайшысы бар еді. Алайда, қожайындар бір ымыраға келе алмаған соң, бесеуі үлестерін шетелдік компанияға сатып жіберіпті. Кәсіпорынның 80 пайызы қазір Ресейлік құрылтайшыға тиесілі. Жергілікті серіктестіктің иелігінде 20 пайызы қалып отыр.

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Міндеттемелер орындалған жоқ. Соған байланысты бір жыл министрлік уақыт береді дұрыстауына. Өкінішке орай компания бір жылдың ішінде бүкіл міндеттемелерді орындамайды. Бұл акиматтың құзырында емес, министрліктің құзырында. Босаған кезде біз әрине облыста тұрған азаматтарды басқа жұмысқа тартуға тырысамыз.

А. Құрманкин