Батыс Қазақстан облысының шаруалары мал ұрлығына қатысты мәселеге Президенттің араласуын сұрайды. Олардың айтуынша, былтыр басталған іске әлі нүкте қойылар емес. Сондықтан оны мемлекет басшысы өз бақылауына алса дейді. Айта кетейік, ауылдағылардың жылқысы мен сиырын ұрлады деген күдікпен ағайынды төрт жігіт қазір сот алдында жауап беріп жатыр. Шаруалар кінәлілерге қатаң жаза кесілсін талап етіп отыр. Өңірден-Еркін Карин.
86 жылқысын ұрлатқан Аманжол Зинуллин оның 24-ін ғана қайтарып алған. Қалған малы үшті-күйлі жоқ. Құзырлы органдардан тауы шағылған кәсіпкер бұл іс қолдан ұйымдастырылған деп ашынады.
Аманжол ЗИНУЛЛИН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Бұлардың орнына келетін ұрылар тобы ұйымдасып жатыр. Өйткені бұл үлкен бизнес жоғарыдан төмен қарай келіп тұрған. Оның жоғарыдан ақшасын жинап отырған адамдар. Анау поток қой келіп тұрған, ағын судай келіп тұрған ақша. Соны енді жалғастыру керек қой. Мыналар енді отырады, мыналардан қайыр болмайды. Сондықтан басқа топты әзірлеп жатыр.
Айбек ӘМИНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
2016-жылы төбелескенбіз. Бұлар ауылдық жерді ұстағысы келеді. Бандитизм ғой. Көбін қорқытып-үркітіп жаңағыдай көнбегенін сабайды. Сабауға әлі келмейтіндерін өртеп нетеді. Қыстаққа дайындап қойған шөбімді өртеп жіберді.
Шаруалар ұзақ уақыт қан қақсатқан барымташылар қамалған соң өңірде мал ұрлығы сап тыйылғанын айтады. Күдіктілердің малын тоғыз жыл бағып, алты есе қылып көбейткен бақташы да көрген қорлығын айтып тауыса алмайды.
Әділет МӘДЕНИЕТОВ, БАҚТАШЫ:
Бәленбай рет ұрды, аяқтан, белден. Тіпті бір күні әкем қайтқанда жылап барып, мәйіт басына қонып шықтым. Асылып өлгім келді де, бірақ үйдегі мамамды ойладым. Ешовтер ұрлады ғой жылқыларды. Айдап алып келеді, атпен алып келеді, машинамен алып келеді. Далада сойып алады тірілей. Ұрлаған үлкен жылқыларын олар сойып сатады қалаға. Құлындары қалады, жылқыдан сөйтіп-сөйтіп өседі.
Ал айыпталушылардың қорғаушысы мұнымен келіспейді. Жігіттердің жазығы жоқ, сүттен ақ, судан таза дейді.
Саян ЖҮНІСБАЕВ, ҚОРҒАУШЫ:
Қазір менің қорғауымдағы Ешовтарға 38 эпизод жылқы, сиыр малын ұрлады деп айып тағылып отыр. Мұндай айыппенен біз мүлдем үзілді-кесілді келіспейміз. Барлығымен келіспейміз, мал ұрлығына ешқандай кінәсі жоқ.
Мал ұрлады деген күдікпен ағайынды төрт жігіт былтыр сәуір айында ұсталған еді. Елді шулатқан күдіктілердің үстінен мал ұрлығы мен заңсыз қару-жарақ ұстағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ағайындылардың ұйымдасқан қылмыстық топ деп танылмағанына наразы шаруалар олар жеңіл жазамен құтыла ма деп алаңдаулы. Сондықтан сот қатаң жаза бермесе, Президентке дейін шағымданамыз деп отыр.
Е. Карин