Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада сапасыз жол салған мердігердің мәселесін сот қарайды

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2021
  • 2349

Қызылордада салынғанына алты ай ғана болған көшелер ойылып қалды. Ал үстіндегі асфальт күннің ыстығына шыдас бермей еріп жатыр. Қара шайыр кешіп, қиналған халық әкімдіктен көмек сұрады. Бірақ әкімдіктегілердің өзі сапасыз жолға жауапты мердігерді жазалай алмай отырмыз дейді.  Іс сотқа жолданған. Мәселенің анық-қанығын өңірдегі тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы  анықтап көрді.

Қала іргесіндегі Әшірбеков көшесінің тұрғындары асфальт үстіне құм төсеп, әбігерге түсуде. Себебі ойын баласы тұрмақ, үлкендердің де жүріп-тұруы қиын боп тұр.  Еріген қара шайыр  аяққа жабысып, мазаны қашырды.   

Күлпаш БАКИРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Машиналар да қазір жүрмейтін болды. Мына балалар смоланы басып ойнап жатыр. Біз де басып-басып үйге қарай кетеміз. Дұрыс емес қой салынғаны. Мұны да қарап отырсаң жұп—жұқа ғой. Өзіне жеткілікті нәрсесінің жартысына ғана салынып тұр ғой бұл.

Тұрғындардың айтуынша, жол желтоқсан айында бір-ақ түнде  салынған.  Әл-фараби мөлтек ауданындағы Талаптан, Жас Алаш  көшелерінде де дәл осындай жағдай.

Жанат РАХМЕНШИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Күзде бір кештің ортасында смоласын құйды да кетті. Қыстай тұрды қатып, мұзбен. Жаз басталғаннан, көрініс осы. Ойылып, тасы бетіне шығып, топырағы бетіне шығып жатыр.  Акиматқа жаздық, екі айдың ішінде істеп береміз деді. Екі ай мерзімі өтті.

Жергілікті биліктегілер аталмыш көшелердің талапқа сай келмейтінін  растап отыр. Құрылыстың кепіл мерзімі бітпегендіктен мердігер мекеме кемшілікті қайта қалпына келтіруі тиіс дейді. Бірақ оларға ескерту жасап, өздері де шаршаған сыңайлы. Болмаған соң істі сотқа жолдапты.

Абзал РЫСБЕК, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ «ТҮКШ» ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сапасы сын көтермеуіне байланысты «РБ-строй» ЖШС-не бірнеше мәрте ескертпе хат берілген болатын. Алайда ескертпе хат негізінде мекеме тарпынан қайта қалпына келтурі жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты біз қазір сот орындарын қысқа мерзімде қайта қалпына келтіруді міндеттеу бойынша, сотқа арыз, талап түсіріп отырмыз.


Енді істің соңғы нүктесін сот қояды. Ал тұрғындардың соны күтуден басқа амалы жоқ.   

М. Тоқтасынқызы