Русский Сайттың толық нұсқасы

Балқаш көлі маңындағы ұшақ апатынан аман қалған жолаушы ұшқыш оның тірі қалуы үшін барын салғанын мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2017
  • 3066

Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді. Балқаш көлі маңындағы ұшақ апатынан аман қалған жолаушы ұшқыш оның тірі қалуы үшін барын салғанын мәлімдеді. Зардап шеккен жігітке демалыста жүрген дәрігер алғаш боп көмек қолын созған. Оқиғаның мән-жайын Олжас Нұржақып білді.       

Олжас Нұржақып, тілші:

Бірнеше жерден жарақат алған жолаушының жағдайы тәуір болғанымен, қашан аяққа тұратыны белгісіз. Қасынан дәрігерлер үзілмейді. Есін жақсы біледі. Апат болған сәт те көз алдында. 

Орынғали Зикербаев:

Мотор істемей қалды деді. Бітті сол жерде. Көзді ашып-жұмғанша болды. Ойланатын ештеме болған жоқ, жерге жалп ете қалдық. Бетіме бензин құйылып жатыр екен. Соны көрдім. Бес-он минуттан кейін келді адамдар. Мен бәрін білемін. Өзім шықтым. Сознание терять еткен жоқпын. Сол жақ қанатымен құлады. Ұшқыш отырған жақпен құлады. Көбіне соққыны сол кісі алды. Әдейі істеді-ау деймін.

Орынғалидің көрер жарығы бар екен. Жамбасы сынып, басынан жарақат алған оған сол жерде дәрігер табыла кеткен. Еңбек демалысында жүрген травматолог бұл кезде Балқаштан балық аулап отырған. Ұшақ құлағанын көрген ауыл тұрғындары оны көмекке шақырған.

Виктор Дарницын, дәрігер-травматолог:

Бізді жергілікті тұрғындар шақырды. Олар менің осы маңда демалып жатқанымды білсе керек. Келсем, тұрғындар ұшақтағы екі адамды шетке шығарған екен. Бірі қайтыс болған. Екіншісіне қолдан келер көмекті көрсеттік. Есін жоғалтпапты. Сөйлестік, сұрақтарыма жауап берді. Көлігімде дәрі қобдишасы бар еді. Соның ішіндегі дәріні қолданып, санитарлық авиацияның көмегін күттік. 

Бас дәрігер, оның аяқтан тұруына барлық ем-домның көрсетіліп жатқандығын айтты.

Марат Абдуллаев, №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

Ота керек жоқ. Біздің мамандар оны талай тексеріп осындай шешімге келді. Бірақ қазіргі таңда бізде операциялар бар. Керек болатын болса, оған операция жасаймыз, жамбасын тігіп, жинаймыз дегендей. Көп нәрсе өзгерді. Бірақ ол кісінің бірнеше сүйектері сынғаннан кейін, бірталай жатады әлі.

Орынғалидің айтуынша, ол Балқаштағы аралда орналасқан қонақ үйге азық-түлік жеткізбек болған. Көлігі сынып қалған соң, сол жаққа бағыт алған ұшаққа отырыпты.

Олжас НҰРЖАҚЫП