Русский Сайттың толық нұсқасы

"Nur Otan" жанындағы кеңес ҚР БҒМ-не инклюзия үшін жағдайды қағаз жүзінде емес, өмірде жасау қажеттігін еске салды

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2021
  • 2129

Балалардың инклюзивті білім алуына қағаз жүзінде емес, шын мәнінде жағдай жасау керек. «NUR OTAN» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері білім және ғылым министрлігіне сылдыр сөзден нақты іске көшудің уақыты келгенін айтты. Ведомство кеңеске инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жөнінде есеп берді. Жол картасына сәйкес, биылғы жылдың өзінде мектептердің үштен бірі ерекше балаларға қолжетімді болуы тиіс. Алайда кеңестің анықтауынша, бейінді ведомствоның есебінде инклюзия үшін жағдайлар бұрын жасалып қойған мектептер мен колледждер қоса көрсетілген, ал олардың кейбірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бірнеше жылдан бері білім алып келеді. Мектептердің көбінде әлі күнге дейін кедергісіз орта құрылмаған, арбада отырған балаларды қабаттан қабатқа қолмен көтеріп жүр. Сондай-ақ осы жылы барлық жастағы балаларды оқыту және мекемелердегі материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін мұғалімдерге қосымша оқыту жүргізілмеген.


Динара ЗӘКИЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ОТБАСЫ, ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

Кеңестің міндеті - «NUR OTAN» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша жол картасының сапалы және уақтылы орындалуын бақылау. Осыған байланысты аймақтық кеңестерге тізімде көрсетілген барлық мекемелерді зерттеп, олармен танысып шығуларын сұраймын.


Жауапты ведомства өкілдері мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасауда келеңсіздіктер барын жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, аутист балалардың жағдайы қиын. Ерекше бап, ерекше қолдау керек. Бірақ оны істейтін маман тапшы.


Шолпан КАРИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз Алматы қаласында орналасқан Ұлттық ғылыми-практикалық орталығымызда 10 жаттықтырушы даярлауды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде балалармен жұмыс істейтін білікті мамандардың болғанын қалаймыз. Сондықтан, олар халықаралық деңгейде мойындалған әдіс-тәсілдерді меңгеретін болады.


Сондай-ақ, жиында буллинг,кибер шабуыл, суицидтен қорғау мәселелері бойынша сайлау бағдарламасын іске асырудың индикаторлары талқыланды. Депутаттар суицидтің алдын алу үшін балалардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасына өзгерістер енгізген. Динара Закиеваның айтуынша, 8 облыста жұмыс жүргізудің бірыңғай тәсілі және әдістемелік қолдау жоқ. Сондықтан, психологтар қауіпсіздігі қорғалмаған интернеттен ақпарат алуға мәжбүр.


Л. Қуанышқызы