Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда іргесіндегі Жалтыркөл ауылында шешімін таппаған мәселе көп

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2021
  • 4364

Елорда іргесіндегі Жалтыркөл ауылының тұрғындары он жылдан бері не суға, не жолға, тіпті жарыққа жарымай отыр. Жанға батқан жайттарды жұрт жергілікті билікке жеткізген. Бірақ әлі оған құлақ асқан ешкім жоқ дейді біздің редакциямызға хабарласып, көмек сұраған тұрғындар. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Бекболат Сатуов айтады.

Жалтыркөл-Нұр-Сұлтан қаласына тиіп тұр. Ақмола облысына қарайды. Бірақ бас қалаға жақынбыз ғой, неге өркениет игілігінен адамыз деп ашынады тұрғындар. Кем-кетікті, жоқ пен барды олар жіпке тізіп айтып берді. Ауылдағы емхана сын көтермейді. Жалғыз мектеп тозған.

Гүлшат ОРЫМБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Менің қызым ана Астанаға барып оқып келеді, мына жақтан 9-дан кейін класс жоқ 4-5 ақ оқушы, мектеп емес клуб, біркүні құлайды кәдімгідей глинадан соғылғанба, түсініксіз.

Айгүл КАРИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Соғылып жатқан мектеп міне тоқтап тұр стройка басталды, бар жоғы фундамент құйылды, тоқтап қалды, жұмыс жүрмей жатыр.

Елдімекенде ауыз су қат. Тіршілік нәріне тарыққан жұрт оны тасып ішеді. Бірақ қыста жағдай күрделенеді дейді тұрғындар, Айтуларынша, су тасуға шама келмейді, жол батпақ, адам түгілі, көлік әрең жүреді.

Айгүл МҰКАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Велосипедке мініп 4 баклажкамен су тасимын, ол аздай үйде балам бар. + Қыс бойы біз сусыз отырдық.Мен лично өзім жеке басым қар тасып ерітіп кір жуғанмын.Күйеуім қаладан баклажкамен су тасыған.

Ауылда жарық та мардымсыз, бірде бар, бірде жоқ. Өйткені электр сымдары қолайсыз ауа райына шыдас бермейді. Жел болса, жарық өшеді. Бұл қордаланған мәселелерден жергілікті әкімдік хабардар. Барлығы кезең кезеңімен реттеледі дейді ауыл әкімі.

Қанат КАНАФИН, ЖАЛТЫРКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
2020 жылдың желтоқсанында су құбыры экспертизадан өткен, электр жабдықтау мен жол мәселесі бойынша да жобалар талқыланған. Жол мәселесі жөнінде тендердің нәтижелері шыққан, бюджеттен ақша бөлінген соң жұмыс басталады, су бұру мәселесі экспертизадан шыққан бойда ресми түрде өтінім жіберіліп, алдағы уақытта байқауға жіберілетін болады.

Мәселе қаражатқа кеп тіреледі дейді әкім. Ақша болса, бар проблема шешіледі. Сондықтан тұрғындар шыдамдылық танытып, күтсе дейді. Ал тұрғындар әкімнің сөзіне я сенерін, я сенбесін білмейді. Себебі, бұған дейін де талай уәде берілген.

Б. Сатуов