Оралда он жыл бұрын салынған көпқабатты үйдің қабырғасы қақырап тұр. Мұны естіген жауапты мекеме қабырғадағы жарықшақты бітеумен ғана шектелген. Ал қабырғадағы сызат уақыт өткен сайын ұлғайып барады, дейді тұрғындар. Енді олар "Бір күні үйіндінің астында қаламыз ба" деп қорқып отыр.
Ерсайын Балтабаев жарылған жарды жыл сайын жамап шаршағанын айтады. Жөндеуді жиі жасаса да, қақыраған қабырғадан қыста азынап жел соғады, жазда жаңбыр жауса тамшы тамады. Қазір үйіне қонуға да қорқатынын айтады. Қалған тұрғындар да бір күні үйіндінің астында қаламыз да деп уайымдап отыр.
Гүлзифа КЛИМОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ремонт жоқ, қайтадан кетіп жатыр. 5-подъездің жоғары жағынан аққан су жоғарыға барады. Менің ренжитінім - подвал жаман. Подвалдан құрт-құмырсқа шығатыны өз алдына, енді тышқан шығатын болды. Сасыған иіс деген жаман болып кетеді.
Үйдің жертөлесіндегі кәріз құбырлары да ескірген. Әр жерден тесіліп, қайта жалғанғандықтан шайынды су кетіп, жұртты әбігерге түсіреді.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Үйдің іргетасына төселген мына бетон-блоктар жоғарыдан қарай ұзынынан жарылған. Кезінде әкімдіктің өкілдері келіп, мына жерге бірнеше белгі қойған. Әкпен сылаған мына белгінің өзі ұзынынан жарылып, мынадай кішкентай жарықшақтар пайда болған.
Әкімдік өкілдері мәселеден хабардармыз дейді. Былтыр мердігерге ғимаратты құрсаулап, бекітуді міндеттеген. Ал үй иелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құрылыс материалын да алып беріпті.
Дархан ЕРКІНҰЛЫ, ОРАЛ қ. ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Трещина бар, бірақ маяктар әлі қозғалған жоқ. Қалай трещина пайда болды, содан кейін біз комиссионно барып, сондай шешім қабылдадық. Қазір бақылауда. Егер тағы да бір өзгерістер болатын болса, сонда жағдай жасаймыз. Именно отмосткаларын, баспалдағын, сосын жаңағы трещинаның орнын бітеу бойынша қаржы көздері іздестірілуде.
Жөндеуге қажетті қаржының қайдан алынары әзірге белгісіз. Сондықтан тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.
Е. Карин