Русский Сайттың толық нұсқасы

Вакцина салдыру кімдерге міндеттелді?

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2021
  • 3458

Вакцина салдыру міндетті. Бірақ барлық қазақстандықтарға емес. Халыққа қызмет көрсету орындарының жұмысшылары мен ірі компаниялардың қызметкерлері арнайы тізімге кірді. Премьер-министр екпе алмағандар апта сайын ПТР сынамасын тапсыру шарт дейді. Болмаса жұмыс орнына кіргізілмейді. Үкімет тағы қандай шешім қабылдады? Локдаун енгізілуі мүмкін бе? Әріптесім Асылбек Данияр айтады.

Бас санитарлық дәрігердің кешегі ұсынысы бір ауыздан мақұлданды. "Ashyq" бағдарламасына тіркеліп, жұмыс істегісі келетіндер де қызметкерлеріне толық вакцина салдыруы шарт.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сауда орталықтарында әсіресе, соның ішінде тұратын арендаторлардың бәрі міндетті түрде вакцина алу керек. Неге десеңіздер сол жерге келетін мыңдаған адам бір сауда орталығына келетін болса сол азаматтардың денсаулығын біздердің қауіп-қатерге тігуге еш хақымыз жоқ. Сондықтан оларды міндетті түрде міндеттеуге шешім қабылдады.

Бұл талаптар бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулыға қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. 20 адамнан асатын барлық ұжым вакцина салдыруға міндетті.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кез келген 20 адамнан астын ұжымда міндетті түрде вакциналау немесе әр жеті күн сайын ПТР-сынамасын тапсыру талабы қойылады.

ПТР сынамасы ақылы. Ал екпеден бас тартқан адамға тестілеу ақысын кім төлейді?

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Либо работодатель, либо сам.

Алексей Цойдың жауабы осы. Хош, коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлері Қазақстанды да кезіп жүр. Алда-жалда елде пандемияның үшінші толқыны басталып кетсе не болады? Үкімет дайын ба?

Күні кеше COVID-19-дың ең қауіпті түрі елордадан, артынша Алматыдан табылды. Енді тағы да локдаун енгізіле ме деген қорқыныш кез келген адамның көкейінде тұрғаны анық.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі күні локдаунды республика аумағында енгізуге байланысты ешқандай мәселені көріп тұрған жоқпыз. Ол күн тәртібінде де жоқ.

Денсаулық министрлігінің статистикасына сүйенсек, әрбір жетінші қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Бірақ бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға жеткіліксіз.

А. Данияр