Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар табыстың басым бөлігін азық-түлікке жұмсаймыз дейді

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2021
  • 2518

Әр отбасы  азық-түлікке ай сайын шамамен 97 мың теңге жұмсайды. Бұл -арнайы зерттеу орталығының дерегі. Тұрғындар күннен күнге бағаның көтеріліп жатқанын айтады, күнбағыс майынан бастап, бірінші қажеттіліктегі тауарлар құны аспандап тұр. Және бұл барлық өңірге тән жағдай. Қазір аймақтардағы тілшілеріміз не арзан, не қымбат, баға неге бағынбай тұр, сол туралы баяндайтын болады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Елордада баға өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Тұрғындардың айтуынша, әр отбасы азық-түлікке ай сайын орта есеппен 100 мың теңгеден астам ақша  жұмсайды. Өткен жылға қарағанда биыл бәрі қымбат дейді. Көкөніс құны тіпті шарықтап тұр.  Өнім пісер маусым болса да, арзандар емес.    

Елорда тұрғыны Мұхтардың отбасы үлкен. Азық-түлікке ай сайын 200 мың теңгеге жуық қаржы жұмсаймын дейді ол.

Бұл үшінші тележкам. Барлығы 90 мыңдай болды. Сол жетеді 10 күнге. Семьям үлкен, 200-дей кетеді.

Былтыр 120 теңге болған сәбіз, қазір 600 теңгеден сатылып жатыр.   Күнбағыс майының да құны шарықтап кеткен. Жыл басынан бері   17 пайызға өскен. Халық картоп пен пиязды   әдеттегіден аз мөлшерде қолдануға мәжбүр болғандарын айтады. Бірақ маусым айының басында 450-500 теңгеге саудаланған картоп бағасы қазір сәл төмендеген.   Ал ет пен сүттің бағасы соңғы айларда еселеп өсті дейді тұрғындар.     

БЛИЦ:

- Міне қазір картоп, кішкене сәбіз, пияз алдым. 6 мың теңге жұмсадым. Қымбат. Сүт өнімдері өте қымбат.

- Қазір 1 кусогыңның өзі 5 мың бірдене тартып тұр. Бір кусок етіңнің өзі. енді фруктың бар, андай-мындайың бар, бір кіріп шыққанның өзінде 15-20 мыңдай жұмсап шығасың. Ал морковкаға барайын десем 600 тг дейді. Это куда годится?


Ал жауаптылар нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға  барынша  тырысып жатырмыз дейді.  Айтуларынша, өнімдердің дені өзге өңірден әкелінетіндіктен бағасы ырыққа бағынбайды.

Дина АРҒЫНБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бағаларға өндірушілердің шикізатқа, сондай-ақ сыртқы орамасы. көлік шығыны да әсер етеді. Делдалдардың да ықпалы бар, олар үстіне қосып сатады.  Сонымен қатар, бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие. Әдетте бұл қаңтардан шілдеге дейін жалғасады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Құзырлы сала мамандарының айтуынша, азық-түлік сақталатын қоймалардың көбі қазір бос.  Сұраныстың көптігінен тауар таусылған. Жақын арада аймақтардан азық-түлік жеткізіліп, қоймалар қайта толады дейді.  Елордадағы  жағдай осындай. Ал өзге өңірде  ахуал қалай  боп жатыр, Солтүстік Қазақстандағы әріптесім Абзал жалғастырады. Абзал, сіздерде де азық-түлік бағасы қымбат па?  Қандай жаңалықтарыз бар?

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Ақбота! Азық-түлік бағасы Петропавлда   күн санап қымбаттап барады. Мұнда да   көкөністердің құны удай. Ресми мәліметке жүгінсек, жылдың басынан бастап тұтыну тауарлары 4.7 %-ға өскен. Тұрақтыру қорының қоймада сақтаған көкөністері сәуір айында таусылған. Содан кейін баға күрт шарықтады дейді. Қазір жергілікті билік "айналым үлгісі" әдісін қолға алып, бағаны сәл тұрақтандырғанын айтады.


Ләззат ГАЛЕЕВА, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 
Айналым үлгісі әдісін біз былтыр қолданысқа енгіздік. Яғни, кәсіпкер осы жобаның аясында несие алып, сол ақшаға тауарды арзан бағаға алуы тиіс. Кейін біз айтқан бағамен нарыққа ұсынуы керек. Мамыр айында біз Радуга компаниясына 50 миллион теңге бөлдік. Ол осы ақшаға елдің оңтүстік аймағынан арзан картоп алып, бүгінде оны Петропавлдың базарларында 240 теңгеден ұсынып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, көкөністер құнының  күрт шарықтауына екі фактор әсер еткен. Былтыр ресейде картоп шықпай қалып, көрші ел қазақстандық нарықтан өнімді жаппай талап әкеткен. Екіншіден, аймақта алып-сатарлар үстемдік орнатқан дейді.

Азамат БАЙМАҒАМБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан 2020 жылы Ресейге 360 мың тонна картоп экспорттаған. Осының кесірінен 2021 жылы ішкі нарықта тапшылық пайда болды. Қарбалас басталған кезде  қу бизнесмендер белсенділік таныта бастады. Алып-сатарлар бағаны тым шарықтатып жіберді. Оларды монопияға қарсы комитет дұрыс қадағалауы тиіс.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сала мамандарының айтуынша, құзырлы органдар ең алдымен алып-сатарлардың ісін реттеп, заңсыз  әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Әйтпесе, бағаның негізсіз аспандауы алдағы уақытта да тыйыла қоймайды. Сөз әрі қарай оңтүстіктегі әріптесім Айзадада.  Айзада, сіздерде көкөкніс бағасы қалай болып жатыр? Жергілікті өнімдер піскен соң базардағы бақша дақылдары мен жеміс-жидектердің құны түскен болар?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Рахмет, Абзал! Оңтүстік бау-бақша дақылдары мен көкөністің отаны саналғанымен күнгейдің халқы биыл жеміс-жидекті де молынан жей алмай отыр. Сары өріктің келісі 1100-1500 теңгеден сатылуда.  Оның өзі Ташкенттен келген.  Жергілікті жеміс-жидектерден сатылымда бары тек жаздық алма, оның  келісі - 400-500 теңге. Бұл қайта арзандағаны. Өткен айда бұл алманың бір келісі мың теңгеден сатылған, дейді сатушылар.  

Өзбекстандық алмұрт -1200 теңге. Шабдалы да былтырғыдан екі жарым есе қымбат келіп жатыр дейді. Ал өзіміздікін ерте көктемдегі суық ұрған.

Малика СЫДЫҚОВА, САТУШЫ:

Өткен жылы мыналар 350 теңге болатын еді бұл уақытта. Қазір 800 теңге түсті ценалары персиктер. Абрикос қымбат. Абрикостың келісі -1200. Бізді мүлдем абрикос шықпайды биыл. Суық ұрып кеткен.

Мегаполисте картоп бағасы сәл арзандаған.  Екі апта бұрын 350 теңгеден болған жергілікті дақыл бүгін 230 теңгеден сатылып жатыр. Ал сәбіздің келісі жергілікті болса да, 500 теңге.

Сабыржан БЕКТАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Сәбіздің осы шыққалы бері осы бағада. Жерден өзіміздің бірінші урожай Сарыағаштың урожайы да, әлі сол цена түспей жатыр. Қымбат боп тұр. Мынау волгоградтан кеп жатыр, ескі сәбіз былтырғы ол -600 теңгеден, бұдан да қымбат. -Неге түспей жатыр? -Сәбіз урожай аз дейді биылғы. Содан сол себептен түспей жатыр. Ал енді құдай қаласа 1,5 -2 айда өзіміздің Павлодардың сәбізі шығады, сол кезде түсуі мүмкін да.


Ел ет жеуді азайтқанын айтады. Ас қатыққа қолданар сұйық май мен ұнның қымбаттығы да қиын болып тұр дейді.     

Рано ТӨЛЕМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш балам бар. Май қымбат боп кетті -4 мың теңгеден. Аз ғана 1 литрдан ап жатырмыз. Сәбіз -500 теңге боп кетті. Бір ай болды, әлі палау жегеніміз жоқ. Бәрі нәрсе продукты қымбат. Ет қымбат.

Перизат ПЕРНЕШЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жеті бала-шағам бар. Айына 200 мыңнан аса ақша продуктіге жұмсаймыз ғой. Еті бар, картошка- пиязы бар, помидор огурциы бар деген сияқты.  
 
Бағаның бағынбай бара жатқанын халық үйлестірудің жоқтығынан дейді. Болмаса оңтүстікте  бау-бақша өнімдері әлдеқашан піскен. Мәселен, Сайрам ауданының картоптары аудан базарларында 160 теңгеден сатылып жатқанын дәйек қылғандар бұл ортадағы пайда көздеген алыптасарлардың әрекеті екеніне сенімді.

Руслан ЖҰМАБЕКОВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы посредниктердің кесірінен боп тұр. Сол үшін әкімшілік тарапынан да мен ойламын мониторинг жүргізу керек ортада жүрген посредниктерге. Бұл жерде баға өспеген. Тұрақты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал жергілікті атқамінерлер бағаны тұрақтандыруда қол қусырып отырмағандарын айтады.  Азық-түлік арнаулы дүкендерге арзандатылған бағамен  жеткізілуде дейді.  Бірақ   халық дүкеннен гөрі базардан алғанды жөн  көреді.  

А. Төребекқызы, А. Базарбай, А. Құрманкин