Қостанайда екі жыл бұрын қолданысқа берілген жаңа үйдің төбесінен су тамшылап тұр. Баспананы ипотекаға алған тұрғындар не істерін білмей дал. Мердігер болса жөндеу жүргіземіз дегелі бірнеше ай өткен. Көпқабатты үйдегі көпшілік, бүгін әкімдік алдына жиналып, талап-тілектерін жеткізді.
Тұрғындардың алғашқы легі «Юбилейный» шағын ауданындағы алтыншы үйге екі жыл бұрын қоныстанған. Тоғыз қабатты жаңа үйдің жыры сол кезде-ақ басталыпты.
Жасұлан ОСПАНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімдік бәріне жүгіндік. Әлі ештеңе істей алмай жатыр. Үйде ылғал бар. Пәтердің бұрыштары түгел ылғал.
Әділжан САҒИТОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бүкіл жиһазымыз су болды. Компьтер, техника телевизор бәрі су-су.
Жаңа пәтердің төбесінен жаңбыр суы тамшылап, қабырғасы көгерген. Тұрғындар тіпті жаңбырлы күні электр жарығын қосуға қорқатынын айтады.
Әлия БАЕВА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Жаңбырлы күні жарықты қоса алмадық. Өйткені қабырға ылғалданып кетеді. Электр сымдарының қысқа тұйықталу қаупі бар.
Көпқабатты үйдің тұрғындары бүгін әкімдік алаңына жиналып, билік өкілдеріне талап-тілектерін жеткізді. Ал мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасы сараптама тағайындап, сапасыз құрылыс жүргізген тарапты анықтамақ.
Берік ТАҢЖАРЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тексеру жұмыстарын өткіземіз. Экспертиза тағайындалады.Құрылыс және экономикалық сараптама.Соның нәтижесі бойынша шешім қабылданады.
Шаһар билігі де шағын аудандағы алтыншы үйдің ахуалымен танысып, олқы тұстарын түгел тізбектеп шығатын болды. Еске салайық мұндағы көпқабатты үйлердің көбі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген. Тұрғындар баспананы ипотека арқылы иеленген. Олар енді сапасы сын көтермейтін пәтер үшін ай сайын қомақты несие төлеп отырғандарына қынжылады.
З. Санай