Русский Сайттың толық нұсқасы

Вакцина салдырмаған адам жұмыстан шығарылмайды

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2021
  • 3565

Вакцина салдырмаған адам жұмыстан қуылмайды. Жұмыс берушінің   ондай құқығы жоқ. Егер заңды бұзатындар болса    жұмыскерлер тұрғылықты жері бойынша   еңбек инспекциясына   арыз беруіне болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Egov порталына осыған байланысты халықтан көп сұрақ түскен.  Министрдің айтуынша, екпеден бас тартқандар заң жүзінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бас санитар дәрігердің   қаулысына  сәйкес арнайы тізімдегі  ұйымдар мен нысандардың COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмысшылары  күндізгі режимде жұмыс істеуі шектеледі. Немесе әр 7 күн сайын ПТР-сынамасын тапсыруы шарт. Егер мүмкіндік болса, жұмыс беруші екпе салдырмаған қызметкерге қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуды ұсынады.

Серік ШӘПКЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:


Қашықтан жұмыс істеуден бас тартқан не жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған кезде қызметкерді Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес жалақысын сақтамай шеттетуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкер міндеттерін орындау үшін басқа қызметкерді қабылдауға құқылы. Жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер күндізгі режимде жұмыс істегісі келсе, өз есебінен ПТР-сынамасынан өтуі керек.

Міндетті вакциналаудың мерзімі қайта қаралуы мүмкін.  Сондай-ақ  жағдайды бағалау матрицасының "қызыл" аймағындағы аймақтарда карантинді күшейту туралы шешім қабылданды.

Қазіргі таңда инфекцияның таралуы бойынша 13 өңір "қауіпті" деп саналады. Денсаулық сақтау министрінің атйуынша, алдағы үш айда науқастардың саны тағы артады.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Оптимистік сценарий бойынша шілде мен қыркүйек айлары аралығында тәулігіне 4800-ге дейін адам коронавирус жұқтырады. Реалистік те 5300-ге дейін, ал пессимистік болжам бойынша бір күнде 6000-ға жуық тұрғын кеселге шалдығуы мүмкін.

А. Данияр