Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы автобус апатынан зардап шеккендер 75 адамға жетті

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2017
  • 1332

Жолаушылар тасымалымен айналысқан компания басшысы жауапқа тартылуы тиіс. Оралдағы автобустардың соқтығысуынан зардап шеккен жолаушылар осылай деп отыр. Бүгінде апаттың кесірінен зардап шеккендердің саны 75 адамға жеткен. Бастапқыда олардың көбі күйзелістен ауырған жерлерін сезбеген. Жолаушылардың басым бөлігі кішігірім жарақат алса, кейбірі психологтарға жолыққан. Ал бір адамға ота жасалды. Қазір облыстық және қалалық ауруханаларда 5 адам ем-дом алып жатыр. Ақ халаттылар олардың жағдайын қалыпты деп бағалап отыр. Апаттан соң №7 автобус жүргізушісі де ауруханаға түскен. Жуырда оның туған-туысқандары науқастардың халін біліп, кешірім сұраған. Ал зардап шеккендер апатқа себепші болған автобус жүргізушісін ғана емес, сонымен қатар жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияның атына да шағым түсірмек.

Аида Мектепқалиева, зардап шегуші: 

«Ақжол авто» компаниясының басшысы бүкіл залалды сақтандыру компаниясы өтейді, дейді. Бірақ, біз оның да жазаға тартылғанын қалаймыз. Себебі, ол әлгі автобусты жалдаса да маршрутқа сол жауап береді. Үлкен жылдамдықты ұнататын жастардың рөлге отырмауын қадағалау керек еді деп ойлаймыз.

Еске салайық, 24 тамыз күні таңғы қарбаласта көліктерді басып озбақ болған №7 автобус жүргізушісі №5 бағыттағы автобусқа соқтығысқан болатын. Жеңіл көліктер мен жүргізушілері де зардап шекті. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды.