Русский Сайттың толық нұсқасы

Б.Байбек Алматыда азаматтарды қабылдады

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2021
  • 2062

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бір кездері қиын жағдайға душар болған алматылық отбасылармен жолықты.    Осыдан 5 жыл бұрын алматылық полицей Аян Ғалиев террористердің қолынан қаза тапқан болатын. Аяқ астынан асыраушысынан айрылған отбасы қиын жағдайды бастан өткерді. Қызмет барысында қаза тапқан полицейдің артында қалған екі баласы мен жарына қолдау көрсетіліп, Елбасы атынан пәтер кілті табысталған еді. Жаңадан қоныстанғандарға үйді жөндеуге   көмек берілді. "Содан бері әр күні тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл елдің қолдауын сезініп келеміз», дейді Ғалиевтер отбасы.   

Анар АСАНОВА, А.ҒАЛИЕВТІҢ ЖАРЫ, ЖАЛҒЫСБАСТЫ АНА:

Бұл трагедия болған кезде мен балаларымыз, олардың болашағы үшін қатты алаңдадым. Өйткені, біз асыраушымыздан айрылып қалдық. Бірақ, кейін біз жалғыз емес екенімізді ұғындық. Бізге мемлекет, Елбасы ауқымды көмек пен қолдау көрсетті. Бізге сыйға берілген пәтер мен ерекше назар аударғандары үшін алғысым шексіз.  


Бауыржан Байбек көпбалалы ана Айнұр Арғынбековамен де кездесті. Күйеуі қайтыс болған соң 10 баланың аманатын арқалап, жалғыз қалған  келіншек небір қиын сәттерге тап болғанын айтады. . Жанұяда қаражат жетіспей, өлер-өлместің күнін кешкен. Үй-күйсіз жүрген.  Бұл қиындықтан бізді жомарт жандар алып шықты дейді Айнұр.   Меценаттардың қолдауымен   кезектен тыс 3 бөлмелі пәтер беріліпті. Көпбалалы ана   отбасын қолдаған жандарға шексіз ризашылығын жеткізді.

Айнұр АРҒЫНБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

4 жыл бұрын Елбасы атынан Бауыржан Қыдырғалиұлының қолынан пәтер кілтін алдық.  Бүгін ол бізді тағы да кездесуге шақырып, қал-жағдайымызды сұрап жатыр. Осындай қамқорлығы үшін рахмет айтамын. Егер мемлекет болмаса, не істерімді тіпті білмес едім.

Қоғамдағы әлжуаз топтарға, көпбалалы отбасыларына  Елбасы ерекше назар аударады, деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Ал, көмекке мұқтаж жандарды қолдау үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған. Жүздеген қазақстандық оның игілігін көріп отыр.   

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Елбасы тарапынан біз көпбалалы аналарға көмек жасадық. "Бақытты отбасы" жобасын бастадық. Қала тарапынан да көмек болды, жергілікті бюджеттен, жалпы республикадан көп жағдай жасалынып жатыр.

Мұнан бөлек көмекке зәру жанұяларға «Nur Otan» партитясының мүшелері де белсенді түрде көмек көрсетіп келеді. Соңғы 3 жылда партиялықтар 500 мыңға жуық адамды қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ асқан. Өтініштің 74%-і интернет арқылы жолданған.

Л. Қуанышқызы