Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде шөптің шығымы төмен

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2021
  • 1880

Қостанай облысында биыл шөптің шығымы төмен. Кейбір жерде гектарына 4 центнерге де жетпейді. Мал азығының бағасы да шарықтап тұр. Өңірде шөптің тоннасын алыпсатарлар 40-50 мың теңге аралығында  саудалап жатыр. Айсары ауылының тұрғыны Әбдір Айтжанов алты бұзаулы сиыр ұстайды. Күнделікті сауған сүтті сатып күн көреді. Былтыр шөптің бір тіркемесін 30-35 мың теңгеден алыпты. Ал биыл қуаңшылықтың салдарынан баға екі еседей қымбаттаған.  

Әбдір АЙТЖАНОВ, АЙСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Менің ойымша өздері пайдасына қымбаттатады. Олар халықтың жағдайын ойламайды. Ала алмасам мал қырылады. Сатайын десем өтпейді. Бәрінде шөп жоқ, бәрі малды алғысы келмейді.

Ал шаруалар ауылды қамтамасыз етпек түгілі өзімізге қажетін жинай алмауымыз мүмкін дейді. Мүлде көк шықпаған шабындықтар бар. Сондықтан шөпті жол жиегі мен сай-саланы қуалап жүріп, жинауға мәжбүр.

Тоғайбай ШӘКІРБАЕВ, ШАРУА:

Жылда сататын едік. Биыл білмеймін. Міне шілденің ортасы болды, қай кезде сатасың? Өзімізге дайындап алсақ сол.

Менің жерімде биыл мүлдем шөп жоқ. Шапқанда жоқпын. Енді жаңағы қамыстардың қасын сондай жерлерді шауып жатыпмын. Екі-үш метрден кейін су басталып кетеді. Соның жан-жағын шауып жатырмын. Маған қырық тіркеме шөп керек. Оны қай кезде дайындап боламын белгісіз.

Қостанайда қазір мынадай буылған шөптің бағасы 12-15 мың теңге, ал 15-17 келі тартатыны 700-800 теңгеден басталады.

Нұрсұлтан ҚАБДЕЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Шілде айында ауыл шаруашылығы жануарларының азығын арзандатуға жергілікті бюджеттен 1,9 млдр теңге бөлу жоспарланған. Жем-шөп дайындаудың барлық мәселелері тұрақты бақылауда.

Мемлекеттің көмегін алу үшін шаруалар электронды өтінім беруі тиіс. Соған сәйкес әр сиырға 15 мың, жылқыға 10 мың, ұсақ малға 2 жарым мың теңге субсидия беріледі. Бірақ оның бағаға әсер етуі екіталай. Облыста қысқы маусымға барлығы 1 млн тоннадан артық мал азығы қажет болса, қазір соның 44 пайызы ғана дайындалған.

З. Санай