Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдық шаруалар мал азығы жетіспейді деп шу шығарды

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2021
  • 2644

Жамбылдық шаруалар мал азығы жетіспейді деп шу шығарды. Ауыл шаруашылығы басқармасының алдына жиналған жеті ауданның  шаруа қожалық басшылары  жауапты басқарма  «мал азығы қысқа 80% дайын» деген жалған ақпарат таратты деп ашуланды.  Себебі жағдай мүлдем басқа.   Мойынқұм мен Шу аудандарынан шөп орып әкелу жеке шаруаға оңай жұмыс емес, дейді олар.

Қадырқұл МЫШБАЕВ, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Ол жақтан бізге тасу үшін көлік керек. Бір машина КамАЗ жалдау үшін 500 мың теңге керек. Шөп қорын мен 20-30% дайындадым. Әр шаруада сондай. Сонда 80-85% қай жақтан шықты? Кімнен алды?

Қарасай Кәрімовтің айтуынша, ол   былтыр 5 млн теңге субсидия алып, 800 уақ мал сатып алған.  Енді жем-шөптің тапшылығынан қой қырылып, шығынға ұшыраймын ба деп қорқып отыр.

Қарасай КӘРІМОВ, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Мал қырылған жағдай болса, ертең субсидиясын қайыра алмаймыз, қайыратын жағдайымыз жоқ. Шабындықтың да шөбі өте төмен. Оруға келмейді, шөбі өзін өзі ақтамайды.

Ал ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мәселе бақылауда екенін айтты. Шөп дайындалып жатыр деді.  

Ерлан КҮЛКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АШБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шөптің көлемі 1 млн 300 мың тонна дайындалып отыр. Жалпы облысымызға қыстауға 1 млн 712 мың тонна шөп қажет. Ол 992 мың шартты басқа қажет.


Басқарма басшысының орынбасары бұған дейін таратылған ақпараттың да рас екенін айтты.  Бірақ шаруалар оған сенбейтіндерін жеткізді. Екі тарап бітімгерлікке келе алмады. Шаруалар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Б. Жұмабайұлы