Оралда 200 дана қару жойылды. Қапшыққа салынған мылтықтардың көбісін полицейлер «Қару» акциясы аясында жинаған. Тәртіп сақшылары ол қаруларды жойып, қылмыстың алдын аламыз, тіркелмеген қару санын азайтуды көздеп отырмыз дейді. Еш жерде тіркелмеген, заңды құжаты жоқ қаруларды иелері өз еркімен тапсырған. Сондықтан азаматтар қаруды заңсыз сақтамай, өз еркімен құзырлы орынға өткізгені жөн, дейді сақшылар. Әйтпесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал кейбір мылтық пен тапаншалар қылмыстық істің заттай айғағы ретінде тәркіленген. Олардың әрқайсысы комиссиялық тексеруден өткізіліп, жоюға рұқсат берілген. Бүгін балқытылған қарудан 200 келідей металл алынды.
Армат САҒИТОВ, БҚО ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Бұл қару-жарақ жыл басынан бері жиналды. Олардың 178-і - тегіс ұңғылы мылтық, төртеуі - травматикалық, жетеуі - газды тапанша. Бұған қоса, пневматикалық мылтық пен электршокер де бар. Пеште балқытылған суық қару темір шар түрінде қалыпқа құйылып, кейін бейбіт мақсаттағы өндіріс қажеттілігіне пайдаланылады.
Е. Карин