Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмолада соққан алапат дауыл 30-дан астам үйдің шатырын ұшырып әкетті

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2021
  • 1775

Ақмола облысында дүлей дауыл жайпап өткен екі ауылда "төтенше жағдай" режимі енгізілді. Жергілікті билік осындай шешім қабылдаған. Дүлей дауыл Бестөбе мен Изобильное ауылдарындағы үйлердің шатырын ұшырып әкетті. 30-дан астам үйдің астан-кестеңі шықты.  

Қатты желдің кесірінен 17 электр бағаны мен трансформатор құлап қалған. 150-ге жуық нысан жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта электр желілерін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Алайда мамандар ауылға жарықтың қашан берілетінін нақты айта алмай отыр.

Қанат ДОСПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Степногорск қаласы әкімдігі комиссия отырысын өткізу жоспарлауда. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Шығын толық есептеледі. Содан кейін ғана тұрғындарға материалдық көмек көрсету шешіледі.


Мамандардың дерегінше, жойқын желдің жылдамдығы секундына 25-30 метр болған. Бар-жоғы 5-10 минутқа ұзаған дауыл, үйлердің әйнектерін сындырып, қора-қопсыны жарамсыз еткен. Ал, ағаштарды тамырымен жұлып алған.
 
Қазір тұрғындарға келген шығын көлемі есептелуде. Оған бірнеше күн қажет, дейді олар. Ал қала әкімі зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге уәде етті.

Еркебұлан БИЯХМЕТОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Менің ойымша, екі күн ішінде біз ТЖ басқармасымен жұмыс істейміз және әлеуметтік қорғау үшін бірінші тамызда сол адамдарға ақша аударуымыз мүмкін. Ең бастысы қажетті құжаттардың барлығы заңға сәйкес болса болғаны.

Өңірде залалды анықтау, сондай-ақ салдарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар комиссия құрған.

Ғ.Өтемісов