Елордалық кәсіпкерлердің басым бөлігі былтыр пандемияға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Әсіресе, қатаң шектеу шараларына сауда-саттықпен айналысатын бизнес өкілдері зардап шегуде. «Nur Otan» партиясының мүшелері осы өзекті проблеманы, Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің отырысында қозғады. Партия мүшелерінің айтуынша, қала әкімдігі бизнесті қолдауға барлық жағынан көмектеседі. Қазіргі кезде түйткілдерді шешуге қалалық бюджеттен 26 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. 97 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері жасалмақ.
Бауыржан МҰХИЯДИНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Көбірек зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне салық органдарының бюджеттік тексерістері уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, коммуналдық коммерциялық үй-жайларды жалға алатын 400-ге жуық кәсіпкерлік нысан 424 миллион теңге жалдау ақысынан босатылғанын атап өткім келеді.
Кеңес мүшелері құрылыс материалдарының бағасын да сөз етті. Жиын барысында, "нұротандықтар" «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің елордадағы департаментіне нарықтық талдау жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек, қалада жаңа индустриялық парк іске қосу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл құрылыс компаниясын қажетті материалдар көлемімен қамтамасыз етпек.
Алматы ЖҮНІСОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМЫТУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жақын арада біз екінші индустриялық парктің бірінші кезеңін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл елордадағы отандық тауар өндірісін дамыту мен қажеттіліктерін жабу үшін жеткілікті үлкен локомотив болады.
А. Данияр