Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы жаңа үйдің тұрғындары басқа үйге көшіруді талап етіп отыр

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2021
  • 1930

Оралдағы көппәтерлі жаңа үйден дау шақты. Үй тұрғындарының айтуынша, ғимараттың қабырғасы қақырап, іргетасы әлден шөгіп кеткен. Ал жертөлесі қысы-жазы суға толы. Қоныс тойын екі жыл бұрын тойлаған Ұлдай Төлееваның қуанышы ұзаққа созылмапты. Қазір үйіне кіруге қорқады. Өйткені дұрыс орнатылмаған мына баспалдаққа сүрінген жанның мертігіп қалуы да мүмкін. Құрылысшылар тіпті жеделсатының көлемін кішірейтіп, қайта дәнекерлепті.

Ұлдай ТӨЛЕЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына үй деген ешқандай адам тұратын үй емес. Бүкіл үйдің іші жарық. Терезенің бәрі қисық. Жардың бәрі бос, бір тасын алсаң жардың бәрі құлайын деп тұр. Әкімге бардым. Ғали Есқалиевтің өзіне бардым. Жазбаша түрде апарып тастадым. Былай өзіне де кірдім. Ол кісі маған айтты: көмектесеміз апай, балконға машина тұрмайды. Бордюрді қиып береміз деген. Біреуін де істеген жоқ.

Үйдің жертөлесінде бірнеше жерден тіреу орнатылыпты. Олар енді баспананы апатты деп танып, тезірек басқа жерге көшіруді талап етіп отыр. Бірақ жауапты мекеме өкілдері мұнымен келіспей, жасалған сараптама нәтижесін күтуді ұсынды.

Бірлес СӘРСЕНБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» АҚ АЙМАҚТАҒЫ ӨКІЛІ:


30 күннің ішінде сол экспертиза түгел дайын болады. Содан кейін сол экспертизаға сәйкес уже жұмыстар жүргізіледі. Яғни, егер апатты болса, апатты деп танылады. Егер шағын жөндеу керек болса, шағын жөндеу жасалады. Бірақ эксперттердің алдын-ала айтуы бойынша үй апатты емес. Ешқандай осадка, ештеме жоқ.

Екі жылда екі жүз пәтер иесінің жүйкесін жұқартқан үй дауына «Nur Otan» партиясының жергілікті өкілдері араласты. Партиялықтар мәселені анықтау үшін тапсырыс беруші компания мен бақылаушы орган - облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының өкілдерін де шақыртқан.

Кенесары НҰРШИНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мына жерде кім кінәлі дейтін болсақ, кінәлі бұл жерде мердігер компания кезінде салған. Қазір ол басқа эпизодтар бойынша шаталуда ол компания. Тұрғындардың талап-арыздарын бүкіл уәждері ешқашан ауада қалып қоймайды. Оны соңына дейін жеткізуге біз өз тарапымыздан күш-жігерімізді саламыз.

Үйді салған құрылыс компаниясының басшысы қазір қазынадан қомақты қаржы қымқырғаны үшін айыпталып, қамауда отыр. Бір қызығы, бұл үйге осыған дейін де сараптама жасалыпты. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Ендігі зерттеу кезінде үй иелерінің талап-тілегі ескеріледі, дейді нұротандықтар. Сараптама қорытындысы бойынша қандай да бір шешім шығарылмақ.

Е. Карин