Русский Сайттың толық нұсқасы

Tokyo 2020: Василий Левиттің жекпе-жегінде төреші қателік жіберді

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2021
  • 2518

Василий Левиттің жекпе-жегінде қателік кетті. Өйткені, рингтегі төреші нокдаунды санамай жұдырықтасуды тоқтатқан. Сидней олимпиадасының чемпионы осындай пікірде. Ал, "қазақтың алтын салмағында" өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтің еңбегіне боксшы Ермаған Ибрагимов төмен баға берді. Біріншіден, жауапкершілікті сезінбеді. Екіншіден, жеңіліс тапқан боксшыларымыз алдыңғы қолмен мүлдем жұмыс істей алмады деп отыр. Жалпы, доданың төрешілері өз бабында, дейді. Еске сала кетейін, аталған олимпиядағы бокстан 8 спортшымыз аттанған еді. Оның төртеуі жарыс жолынан шығып қалды. Министрлікте, жанкүйерлер де қалған былғары қолғап шеберлеріне үміт артуда.  

Серік СӘПИЕВ, ҚР СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

3-4 медаль алуға болады. Бибосыновтың қарсыласы Франция боксшысы мықты. Сосын Әбілхан Аманқұлдың, Қамшыбек Қоңқабаевтың және де Закир Сайфиуллиннің қарсыластары ондай көшбасшылар емес. Өтуге болады, жеңуге болады.


Төрт жылдықтың басты спорттық бәсекесінің жетінші күніндегі нәтижелерімен бөліссек.  Атлеттеріміз үшін жаман бола қойған жоқ. Бүгін 7 қазақстандық, спорттың 5 түрінен бақ сынады. Алғашқы ойынды су добынан ерлер командасы бастады. Үшінші рет жарыс жолына шыққан жігіттер 4:16 есебімен испаниялықтардан ойсырата ұтылды. Дегенмен, команда бапкері "өліспей беріспейміз" деген ұстанымда. Айта кету керек, спортшылардың тағы екі ойыны бар.

Ерлер арасында академиялық есу сайысына қатысқан Владислав Яковлев мәре сызығын бесінші болып кесті. Ол ертең D финалына шығып, 19-24 орынға таласпақ. Қазақстанның бірінші ракеткасы жартылай финалда Швейцариялық Белинде Бенчичпен кездесті. Ойын өте жоғары деңгейде өткенін айта кету керек. Спортшымыз жақсы жарыс көрсеткенімен, 2:1 есебімен есе жіберіп алды. Десе де әліде жүлдеден үміттіміз. Елена Рыбакина алдағы күндері қола медалға таласады.
 
Садақ атудан өнер көрсеткен мергеніміз Ильфат Абдуллин де жарысты жеңіспен бастады. Бүгінгі екі кездесуінде де айы оңынан туды. Енді ертең 1/8 финалда қытайлық Ли Жиаулинге қарсы шығады. Абдуллин бүгін Ұлыбританиялық қарсыласын 7:3, недерланиялықты 6:4 есебімен көзге түсті.  

75 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Әбілхан Аманқұл кешегі командаластарының есесін қайтарды. Ол өзбекстандық Фанат Қахормановты тізе бүктірді. Былғары қолғап шебері 1 тамызда бразилиялық спортшымен жұдырықтасады. Ал, ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шыққан команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол Мысырлық қарсыласын айқын жеңіп 1/4 финалына жолдама алды. Жексенбі күні ол ресейлік боксшымен жұдырықтасады.  

А. Данияр