Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін, «Мемлекеттік қызмет заңында» нақты стандарттар жазылуы тиіс - заңгер

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2017
  • 4887

Елімізде әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін, «Мемлекеттік қызмет заңында» нақты стандарттар жазылуы тиіс. Әлеуметтік желіге әдепсіз суреттерін жариялаған шенеуніктердің ісін сынға алған заңгер Станислав Лопатин арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Айта кетейік, жуырда ел көлемінде әдепсіз суреттерді  жариялаған жүзге жуық мемлекеттік қызметкер анықталып, жазаланған болатын. Заңгер не ұсынады? Айгүл Ермахан білді.

Отқа қойылған ванна, карта және ішімдік. Қызылордалық шенеуніктер көңілді өткізген демалыстағы суреттерін осылай жеке әлеуметтік парақшаларында жариялап отырған. Әдеп нормаларын өрескел бұзған шенеуніктердің 50 шақты фотосы мамандар назарына іліккен. 

Абзал Мухимов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері, СЖҚІҚ агенттігінің Қызылорда облыстық департаментінің жетекшісі:

Біздің жүргізген жұмыстарымыздың нәтижесінде біз осы мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан Әдеп кодексінің талаптарына қайшы 50-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде 14 мемлекеттік қызметшіге ұсыныс берілді. Оларға тәртіп шаралары көрінді.

Өскемендегі шенеуніктер де той-томалақты жақсы көретін болып шықты. 58 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылып, кейбірі тіпті қызметіне сай емес деп танылған.

Қайрат Сапарғалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері, СЖҚІҚ агенттігінің ШҚО департамент басшысының міндетін атқарушы:

58 мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіге әдеп нормаларын бұзған суреттерін салған. Тіпті күлкі түрінде болса да, бір-біріне қару кезеген суреттері, менің ойымша, әбестік. Бұл не үшін керек? Осыны көрген халық барлық мемлекеттік қызметкерлердің айналысатын ісі осы ғана деп ойлайды. Жұмыс істеудің орнына қыдырғаннан басқаны білмейді деген түсінік қалыптасады.

Әлеуметтік желіде әдепсіз суреттерге тосқауыл қоюдың бір ғана жолы бар. Заңгер әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін, «Мемлекеттік қызмет заңына» нақты талаптар енгізілуі тиіс, деп есептейді.

Станислав Лопатин, заңгер:

Менің көзқарасым бойынша, мемлекеттік қызметшінің өзін қалай ұстау керектігін заңда нақты көрсету керек. Бұл өте анық жазылуы керек, бұл қатаң тыйым салынған, мұны істемеуім керек деп. Мысалы, мемлекеттік қызметкер 100 айлық есептік көрсеткіштен асқан сомада демалып отырғанын әлеуметтік желіде жарияламауы керек. Қазір заңда барлығы жеңілдетіліп көрсетілген, сондықтан осындай жағдайлар болады. 

Ал 16 жылдық еңбек өтілі бар шымкенттік шенеунік Ерлан Күзенбаев мемлекеттік қызметкерлер үшін жұрт алдында жүріп-тұрудың нормалары анық жазылғанын айтады.

Ерлан Күзенбаев, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі аппаратының  ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы:

Қазір мемлекеттік қызметке байланысты Әдеп кодексі бар. Сол жерде бәрі жазылған халық алдында, тұрғындар алдында, басқа  да өзін жүріс-тұрыс, қалай ұстау керек екені - бәрі толық көрсетілген.

Айгүл Ермахан, тілші:

Әр өңірдің департамент мамандары анықтаған әдепсіз суреттер қазіргі таңда әлеуметтік желі парақшаларынан алынып тасталған. Десе де ел алдында әдемі сөйлеп жүргендердің халықтың  көз алдында өзгеше кейпі қалыптасып үлгерді.

Айгүл Ермахан, Шарипа Сақтапова, Ирина Якунина, Айзада Төребекқызы