Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада мектеп құрылысы сағызша созылды

  • AstanaTV
  • 04 тамыз 2021
  • 1932

Қызылорда іргесіндегі Бәйтерек мөлтек ауданының оқушылары бірнеше жылдан бері көрші ауылдағы мектепке қатынап оқиды. Себебі 2 жарым мыңға жуық халқы бар елдімекенде білім ошағы жоқ. Сондықтан балалар жақын мектептерге барып оқуға мәжбүр. Бәйтеректе  қоғамдық көлік мәселесі де жолға қойылмаған. «Соның салдарынан кейде балалар 10 шақырым жерге жаяу барады» дейді ата-аналар.  

Асқар ӘЛИАСҚАРОВ, ТҰРҒЫН:

Кейде автобус бұзылып қалған кезде балаларымыз қыстың қырауында жаяу келген күндері болды. Сол себепті жақын жерде мектеп болғанын қалаймыз. Былтыр салынып, осы қыркүйекке дейін бітеді деген еді Бәйтеректегі мектеп. Білмеймін ғой, әлі салынып жатыр дейді, біресе тоқтап қалды дейді.


Былтыр жазда Бәйтеректің шетінен 600 орындық мектептің құрылысы басталған. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармапты. Себебі нысан басында саябырлаған жұмыс, сағызша созылып барады. Бірақ  құрылыс компаниясының бұған қатысты айтар өз уәжі бар.

Жүсіп БАКИРОВ, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:


Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Генподрядчикпен арада келісімшарт жасалған жоқ. Құрылыстың қашан бітетіндігі жайлы біз әлі білмейміз. Биыл бітеді ма, ендігі жылы бітеді ма? Жұмыстың жүруіне келісімшарттың болмағаны көп әсер етді. Материал сатып алу керек, жұмысшыларға айлық беру керек.


Басқармадағылар құрылыс бөлімінен тізгінді өздеріне алып, құжаттарды қайта реттеп жатырмыз дейді. Жобалық сметалық құны 1 млрд теңгеден асатын мектепте биыл да қоңырау соғылмайтынын нақты айтты.

Арнұр НҰРМАҒАНБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алыс-беріс актісі арқылы қалалық құрылыс бөлімінен қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. толық қабылданғаннан кейін, құрылыс басқармасы арқылы мердігер мекемемен қосымша келісімшартқа отырып, жалғастыратын боламыз. Былтыр 6 ай құрылыс жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы 386 млн. бөлініп отыр жалғастыруға.  

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс келер жылы аяқталады.  Демек балалар тағы  бір жыл көрші ауылға қатынап оқиды.

М. Тоқтасынқызы