Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызметкерінің теріс әрекеті үшін әкім орынбасары жұмыстан кетті

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2021
  • 1564

Пара алды деген күдікпен мониторингтік топ мүшелері ұсталғаннан кейін Талдықорған әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті ресми мәлімет таратты. Қазір Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы мен бас маманына қатысты тергеу жүріп жатыр.  

АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Бөлім бастығы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, коронавирусқа қатысты шектеу шаралары кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мыңнан бастап 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Олардан бөлек тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Осы қылмыстық істің негізінде Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды.  

Ал, Шымкентте қаншама рет жасалған ескертуге қарамастан той жасауды қоймаған 19 кафе-ресторан сот шешімімен жабылды. Қазір қалада  коронавирус   өршіп тұрса да, ойын-сауық, кафе, ресторан, лаундж-бар, караокелер мен тойханалар жасырын жұмысын тоқтатар емес. Осыған орай  санэпид талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильді топ құрылған.  Мобильді топ жыл басынан бері 2 076 заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде той немесе басқа да жиын өткізген 287 жағдай тіркелген.

Л. Қуанышқызы