Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да жаңадан сайланған ауыл әкімдері жұмысқа кірісті

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2021
  • 2703

Батыс Қазақстан облысында жаңадан сайланған ауыл әкімдері жұмысқа кірісті. Саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасаған ауылдықтар жаңа басшының қызметіне оң көзбен қарап отыр. Солардың бірі - Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылдық округінің байырғы тұрғыны Ақпал Ақмырзаева. Мектепте 20 жыл еңбек еткен «Алтын алқа» иегері «халық өз әкімін ерекше ықыласпен таңдады, сайлауға біркісідей атсалысты», -дейді.  Елдімекен жұртының 87 пайыздан астамы сайлауға келген.

Ақпал АҚМЫРЗАЕВА, АҚСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Халықпен қызмет жасаймын, халықтың алдында барлық еңбегімді, күш-жігерімді саламын деген балаларға біздің қолдаудан басқа алғысымыз мол. Қызмет жасасын жастар. Тәжірибесі бар екен. Сондықтан енді біз сенеміз осы әкімімізге.


Ақсуат ауылдық округіне үш мыңға тарта тұрғыны бар үш елді мекен қарайды. Сайлау кезінде мұндағы халықтың 75 пайызы Жаннұр Ахметовты әкім болуға лайық деп дауыс беріпті. 35 жастағы жаңа басшының мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі он жылдан асады. Еңбек жолын ауыл әкімдігінде бас маман болып бастаған жаңа әкімге жергілікті жердегі мәселелер жақсы таныс.  

Жаннұр АХМЕТОВ, АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Халықты етене аралап жүрген уақытта сол кезде біраз мәселелерге қанық болдым. Осы ұсыныс-пікірлердің барлығын жұмыс жоспарыма кіргіздім. Осы халықпен бірге етене араласып, елді мекендерді, ауылдық округті жалпы көркейтуге, жақсы дамытуға ат салысатын боламын.

Өзге ауылдар секілді мұнда да интернеттің жылдамдығы баяу, жастарға арналған демалыс орындары жоқ. Сондай-ақ ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жол салу,  көшелерге жарық жүргізу мәселелері кезекте тұр.  

Е. Карин