Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы сот үкімімен келіспейді

  • AstanaTV
  • 09 тамыз 2021
  • 1336

Аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталып, 4 жыл 6 айға сотталған Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюпов, сот үкімімен келіспей отыр. Экс-шенеуніктің қорғаушылары сотқа апелляциялық арыз түсіріпті. Ал сотталған экс- басшы өзіне берілген 7 миллион 800 мың теңгенің пара емес, туған күніне берілген ақшалай сыйлық екенін айтып, кінәсін мойындамаған еді.

Нұргүл ҚАНАТБАЕВА, БҚО СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюповқа қатысты қылмыстық іс қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына келіп түсті. Қылмыстық істің қаралуы аталған жылдың 25 тамызына тағайындалды.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюпов былтыр тамыз айында істі болғанын осыған дейін де хабарлаған едік. Сот материалдарынан белгілі болғандай, экс-шенеунік 78 миллион теңгенің медициналық жабдықтарын жеткізуші мердігерден сыйақы талап еткен. Яғни, келісімге бірден қол қойып, атқарылған жұмысты еш кедергісіз қабылдағаны үшін серіктері арқылы кәсіпкерден 7 миллион 800 мың теңге сұратыпты. Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсі дәлелденгенін мәлімдеді. Осылайша Болатбек Каюпов 4 жыл 6 айға, ал сыбайластары үш жылға сотталды. Қаюпов сонымен қатар мемлекеттік қызметті атқару құқынан өмір бойына айрылды.

Е. Карин