Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан қорғаныс шараларын күшейтті

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2021
  • 1663

Қазақстан Ауғанстандағы жағдайға байланысты қорғаныс шараларын күшейтеді. Бұл туралы қарулы күштер Бас штабының стратегиялық жоспарлау департаменті басқармасының бастығы Дәурен Абдуллин айтты. Оның сөзінше, Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданған. Ең алдымен, бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты жасалған.

Дәурен АБДУЛЛИН, ҚР ҚК БШ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
 
Әуе кеңістігі бойынша қызмет атқаратын кезекші күштер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс және майдан авиациясының құрамы ұлғайтылды. Әскери нысандардың диверсияға қарсы қауіпсіздігі күшейтіліп, қоймалар мен арсеналдарды күшейту үшін қосымша жасақтар бөлінді. Арнайы операциялар мен әскери көлік авиациясы күштерінің бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Қарулы күштердің мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды.


Еске салайық, Ауғанстан билігі  тәліптердің қолына көшкен болатын.  Қазір кейбір елдер Ауғанстан аумағынан елшіліктерін эвакуациялап жатыр. Шетелдік ақпарат көздеріне сүйенсек, Ауғанстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гулам Исакзай     тәліптер Кабулдың кейбір аудандарында үйлерді тінтіп, тізімдегі адамдарды іздеп жатқанын айтуда.   Ауғанстан астанасының тұрғындары "үрейленіп отыр" дейді. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш  барлық елді Ауғанстаннан босқындарды қабылдауға шақырды. Халықаралық қауымдастық бұл елдің лаңкестердің қауіпсіз аймағына айналмауын қамтамасыз етуі керек екенін айтады.

 Л. Қуанышқызы