Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада қоғамдық көліктер саны артып келеді

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2021
  • 2003

Елордада қоғамдық көліктер саны 800-ден 850-ге дейін көбейді. Оның үстіне бағдарлар саны да артқан. Серіктес компания өкілдерінің айтуынша, халықпен санасқан түрде №26 бағдарда автобусты маршрутқа шығару жоспары бар. Сонымен бірге, оқу жылының басталуына орай, сұранысқа байланысты транспорт санын көбейту қарастырылған.

Альмира ӘЖҒАЛИЕВА, КӨЛІКТІ ҮЙЛЕСТІРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

1 қыркүйекке таман оқушылардың оқуын оффлайн режимге өткізуіне байланысты қазіргі кезде анализ өткізіліп жатыр. Ол үшін біз жолаушылар ағымын зерттеп жатырмыз. Сол үшін біз қала ішінде қатынайтын автобустар санын өсіруге жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
 
Қоғамдық көлікте көп жүретіндерге бұл жағдай әбден таныс. Карантин басталғалы көлікті бақылау департаменті қызметкерлерінің де жұмысы қиындай түскен. Жолаушылардың төлемін тексергеннен бөлек, санитарлық нормалардың орындалуына да баса назар аударады. Әрбір бақылаушы күніне кемі 80 автобуста тексеріс жүргізеді екен. Жасұлан Шыныбек, жыл басталғалы жолақысын төлеуден жалтарған 134 мыңнан аса адамға ескерту жасалғанын жеткізді. Айыппұл арқалағандары да бар.

Жасұлан ШЫНЫБЕКОВ, CTS КӨЛІКТІ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

5000-ға жуығы жауапкершілікке тартылды. Күнделікті тексеріс барысында ескертеміз, айтамыз бетперде киюін өтінеміз. Бетпердесі болмаған жағдайда келесі аялдамадан түсіп қалуын сұраймыз.

Десе де, қазір қоғамдық көлікке мінетіндердің саны азайыпты. Карантинге дейін автобус қызметін 750 мыңнан аса тұрғын пайдаланса, қазір жолаушылардың саны 200 мыңға дейін қысқарған. Қоғамдық көлік коронавирус инфекциясының таралуына қолайлы орта болғандықтан, мұнда санитарлық талаптар қатаң. Айта кететін жәйт, ведомствааралық комиссия демалыс күндері автобустардың жұмысын жандандыру туралы шешім қабылдады. Ендігі кезек елдің бас санитарлық дәрігері мен қалалық департамент басшысында.

А. Данияр