Русский Сайттың толық нұсқасы

Мас жүргізуші екі адамның өмірін қиды

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2021
  • 2364

Қызылордада  жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан  мас күйінде рөлге отырған жігіт екі адамның өмірін қиды.  Емхана фельдшері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қаза тапты.  Олар науқасты ауруханаға жеткізіп, кері қайтар жолда апатқа ұшыраған. Куәгерлердің айтуынша,  соққының қатты болғаны сонша, жедел жәрдем мәшинесі  сол жердегі жанар жағар май бекетіне  қарай ұшып кеткен.
 
Қаза болғандар -қаладағы №5 емхана қызметкерлері.   Жадыра Омарова осында  7 жылдан бері фельдшер боп жұмыс істеген.  Ал 43 жастағы Бақытжан Маенов 18 жылдан бері жедел жәрдем көлігін жүргізген.  Олар кезекшіліктерін тапсыруға бірер сағат қалғанда апатқа ұшырады. Аяқ астынан болған  бұл жағдайға  әріптестері  сене алар емес.  

Гүлжанат ЕШТАЕВА, №5 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА БАС ДӘРІГЕРІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қос бірдей әріптесіміз де өз қызметтеріне адал қызмет етті. Өкінішке орай мезгілсіз жағдайда қос әріптесімізден айырылып қалып отырмыз. Кәсіподақ ұйымы бар. Қаржылай көмек көрсетілді. Қазіргі таңда қызмет бабында қаза тапқандықтан бұл кісілерге өтемақы сақтандыру қоры арқылы жасалатын болады.


Ал жол апатына себепкер болған «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынған. 1985 жылы туған азамат 2016 жылы сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылған көрінеді. Соған қарамастан темір тұлпарға мініп тайраңдаған жігіттің  ішімдік ішкендігін де полицейлер растап отыр.

Азамат ОСПАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргізушісі қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қосымша сараптамалар тағайындалып, іс жүргізілуде.


Қызметте жүріп қаза тапқан Жадыраның артында жолдасы мен 4 баласы қалды. Ал Бақытжанның жары мен 3 қызы бүгін отағасын ақтық сапарға шығарып салды.  Егер тойота жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, ол  8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл да екі отбасының орны толмас қайғысын жеңілдете  алмасы анық.

М. Тоқтасынқызы