Русский Сайттың толық нұсқасы

"Отбасы банк" бастапқы жарнаны төмендетеді

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2021
  • 1551

«Отбасы банк» салымшылары енді бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын  жинаса, қоныс тойын тойлай алады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін айтқан еді. Бұл жылдап ақша құйып, тапқанын жеткізе алмай титықтаған отбасылар үшін жағымды жаңалық.

Отау құрғанына 5 жылдан асқан  Ерқанат бала-шағасымен  пәтерден-пәтер жағалап  жүр. Несиемен үй алуға табысы жетпейді.  Көшіп-қонып шаршаған отбасы   азын-аулақ ақшасын  жиып- тергенмен  алғашқы жарнаға қажетті сомманы толтыра алмай әлек.  

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:


Қанша үй салынып жатыр, барып алайын десең, өтіп кеткен. Кім алады? Олардың барлығын қос-қос пәтері барлар алады. Солар ғана, ақшасы жеткендер алады. Ал біз сияқты жастар пәтерден пәтер жағалап жүр.

Бұл тек Ерқанаттың проблемасы емес, сол секілді көптеген жас отбасының баспанасы жоқ. Бүгін Үкімет отырысында олар үшін жағымды жаңалық айтылды. Ипотекалық бағдарламалар аясында  «Отбасы банк» үй кезегінде тұрғандар үшін бастапқы жарнаны төмендетпек.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:


«Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдетілген несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2 немесе 5 пайыз болады.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға да өзгерістер енгізіледі. Салымшыларға шекті белгіден асқан қаржысын   «Отбасы банкінің» шотына аударуға мүмкіндік беріледі.

М. Тоқтасынқызы