Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстар көбейген

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2021
  • 2522

Елімізде экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстар саны 20% -ға артқан. Бұл туралы Finprom.kz агенттігі хабарлады. Агенттіктің ақпараты бойынша, қылмыстық істер көбіне әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру бабы бойынша тіркелген.  Заң бұзушылық әсіресе, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкентте көп.   

Елде жыл басынан бері жат ағым жетегінде кеткендердің 139  құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Яғни біліп-білмей былық басатындардың  қатары артқан.   Шымкентте «терроризмді насихаттады» деген күдікпен   ұсталған небәрі 18 жастағы үш бозбалаға қатысты сот процесі жүруде.

Асқар КУШКАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басынан бері осы экстремизм саласы бойынша 18 акті анықталды. Қазіргі уақытта соңғыларға қатысты  тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оның ішінде атап айтқанда ҚР 256 бабы бойынша яғни «терроризмді насихаттау» екі тұлғаға қатысты қылмыстық істер сот орындарына жолданып, үкім шыққан болатын.

Дін саласын зерттеушілердің айтуынша,  елдегі діни құқық бұзушылықтардың   артуына әлеуметтік желі   әсер етуде.   Елордадағы дін зерттеу орталығы осы жылдың 8 айының өзінде желіде жат ағымды насихаттайтын 18 мыңға жуық материалды анықтаған.

Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ДІН ПРОБЛЕМАЛАРЫН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Пандемиялық жағдайда адамдардың интернет желілерін бұрынғыдан да көп тұтынуға жағдай туындап отыр. Оффлайн шаралардың көбісі онлайнға ауысқандықтан бұл экстремистік бағыттағы арбаушылар да агитаторлардың өзі де интернетті одан әрі дамытып, одан әрі өздерінің ауқымын кеңейтуге тырысып жатқанын көріп жатырмыз.


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:


Экстремизм мен терроризм тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейдегі   өзекті мәселе. Соңғы жылдары   түкпір-түкпірде болып  жатқан түрлі лаңкестік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенді әрекетінен кейін  елімізде онымен күрес күшейе түсті. "Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің". Сондықтан мамандар  жұрттың өте абай болғаны жөн  дейді.  

Б. Сатуов