Қазақстан
Қытайға тауықтың табандарын экспорттай бастайды. Бізде қалдық ретінде қоқысқа
кететін табан көрші елде жеңсік ас ретінде жоғары сұранысқа ие. Ол өнімді
қазақ-түрік кәсіпкерлері бірігіп, саудаға шығаруға уағдаласқан. Бүгін
Астанада қазақ-түрік сауда-өнеркәсіп
палатасы құрылды. Жаңа ұйым екі ел арасындағы экономикалық байланысты ширату
жолында жұмыс істейді. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.
"Ортақ
палата" - қазақ пен түрікке бірдей түсінікті тілде аталған жаңа ұйым. Екі
жыл бұрын түрік тарапы кәсіпкерлер палатасына тың ұсыныспен шыққан. Бүгін екі
жақ тиісті меморандумға қол қойысты.
Нұржан
Әлтаев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
Түркия
жағынан бизнесмендер инвестиция жағына өте үлкен қызығушылық білдіріп жатыр.
Кейбір кезде информация жоқтығы, кедергілер тұрады. Соны болдырмау үшін екі
жақтан жұмыс істейді. Палатаның екі офисі болады. Біреуі Астанада, екіншісі
Стамбулда.
Түріктер
тек палатмен шектелгісі келмейді. Тарихи тамыры бір елдер Еуроодақ сияқты,
қуатты экономикалық ұйым құруы тиіс деген ұсыныс білдірді. АҚШ пен Ресей және
Анадолы елі арасындағы шиеленістер, жаңа саяси-экономикалық байланыстар орнату,
жаңа нарық қалыптастыру қажеттігін көрсетіп отырғанын ашық айтты.
Рифат Хисарджыклыоғлы, Түркия тауар биржалары мен сауда палатасы кеңесінің президенті:
Еуропа елдері арсында небір кескілескен ұрыстар болды. Бірақ 20 ғасырда олар Еуроодаққа бірікті. Арадағы шекараны мүлдем алып тастады. Бұл оқиға құрлықтың қарыштап дамуына әкелді. Неге бізге солай істемеске? Түпкі тамырымыз бір ғой.
Түрік-Ресей басшылары мәмілеге келгендей сыңай танытқанмен, арада әлі сызат бар сияқты. 15 наурызда Түркия Ресейден салықсыз келетін бидай, жүгері мен майға тиым салды. Енді салық 130%-ға өсуі мүмкін, онда экспорттың мәнісі жоқ деп, ресейлік экономистер жан-жақты талдап жатыр. Түркия ресми түсінік бермеген. Ресей былтыр техникамен күреп, таптап тастаған қызанақтарға қатысты санкция әлі күшінде. Есесіне, түріктер бидайға тиым салды, дейді сарапшылар. Ал Қазақстан түрік кәсіпкерлерімен бірігіп, жаңа өндіріс түрлерін жолға қоймақ. Соның бірі - тауықтың табандарын терең өңдеу. Мүлдем кәдеге аспай, қоқысқа кететін өнім Қытайда жоғары сұранысқа ие. Тұздықап, қуырып жейтін жеңсік астың бірі.
Нұржан Әлтаев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
Тауық табандарын ыстық өңдеу арқылы ешқашан шығарып көрген емеспіз. Біз үшін мүлдем жаңа өнім. Түркиядан технология тартып, кәсіпорын құрамыз. Содан соң, Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.
Сондай ақ, "ТрансКаспий" Халықаралық дәлізінің мүмкіндігін толық пайдалану қажеттігі айтылды. Ол теңіз арқылы Қытайды Еуропамен Ресейді айнала байланыстыратын төте бағыт. Қазақстан арқылы Ақтаудан Бакуға, одан әрі Грузия мен Түркия арқылы жүк тасымалданады.
Абылай Мырзахметов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы:
Президент Түркиямен байланыстартын дәліз туралы жиі сұрайды. Баку, Ақтау порты дайын. Қазақстан Жібек жолы арқылы Қытаймен тығыз байланыста. Балама дәліз ретінде қолдануға болады. Қазірдің өзінде Қара теңіз елдері оның ішінде Украина басқа да Еуропа елдері ТрансКаспий бағытына қызығушылық білдіріп жүр.
2015
жылы Түркия мен Қазақстан арасындағы тауарайналым 2 млрд долларды құрады.
Бәлендей көп емес. Қазақстан негізінен шикізат жеткізеді. Ал Түркия азық-түлік,
медицина және құрылыс заттарын импорттайды.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ