Русский Сайттың толық нұсқасы

Колекторлардың бопсалауы қаншалықты заңды?

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2021
  • 1545

Несие аламын деп несібесінен айрылған көпбалалы ана, кімнен көмек сұрарын білмейді. Елордалық тұрғын Жұлдыз Мамырова, қала ішінде такси қызметін атқарып, 5 баласын асыраған. Алайда, карантин күшейтілген тұста, қарызын өтей алмаған. Осыны пайдаланған коллекторлар "балаларыңды балалар үйіне өткіземіз" деп үркітіп, астындағы көлігін алып кетіпті. Тығырыққа тірелген ана, арнамыздан көмек сұрап келді. Мәселені толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Астаналық Жұлдыз Мамырова, көпбалалы ана. Отбасының жалғыз асыраушысы. Айтуынша, коллектордың кесірінен табысынан айрылып отыр. Пандемияға дейін, көлікті несиеге рәсімдеп алған. Карантин салдарынан жұмысы тоқтап, 2 айлық борышын өтей алмапты. Осыны желеу еткен коллекторлық ұйым өкілдері, көлікті алып кеткенін айтты. Тіпті бопсалады деп отыр.

Жұлдыз МАМЫРОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Бандиттер сияқты, өздерінің заттарын алып кеткендей, өздерінің заттары қалып кеткендей кіріп келді. Онда қол қойыңыз деді. Мына қағазға қол қойып берсеңіз, біз балаларыңызға тиіспейміз. кетеміз деді. Машинаны бізге беріңіз, болды деді. Мақұл, жарайды балаларға тиіспеңдер, қол қойып берем дедім.
 

Мәселінің ақ-қарасын ажырату үшін, көлікті тәркілеген агенттікке де хабарластық. Бірақ, ондағылар жауап бермейміз деп қысқа қайырды. Дегенмен, заңгер бұл әрекетті заңға қайшы деп бағалады. Өйткені соттың шешімі шықпай жатып, агенттік өкілдері мүлікті тәркілеуге құқы жоқ деді

Қабанбай ҚУАНЫШЕВ, ЗАҢГЕР:


Олар профессионально түрде қорқытып, адамдарға төлетіп жатады. Үйіңізге келеміз, тәркілейміз деп. Оның барлығы өтірік болатынын біліп жүру керек. Өйткені үйге келіп, мүлікті тәркілей алмайды. Өйткені онда соттың шешімі болу керек.

Заңгер Қабанбай Қуанышевтің есебінше  коллекторлардың әрекетіне қатысты айына жүздеген шағым түседі екен. Бұл азаматтардың құқықтық сауатының төмендігінен деп түсіндірді. Жалпы, елде 6 млн-ға жуық азаматтың банкке берешегі бар. Ал, Ұлттық банктің реестріне тіркелген коллекторлық ұйымның саны 200-ден асады.

Мәди САРБУПИН, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ НҰР-СҰЛТАН қ. ӨҢІРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
 
Егерде коллекторлық агенттіктер қаржы нарығын реттеу дамыту агенттігінің жазбаша хатына, ескертуіне көнбей жатқан жағдайда агенттік оны есептік тіркеуден шығарып, қаржы нарығынан тоқтатуға құқығы бар.
 
Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:
 
Коллектордың тарапынан қысым көріп, заңбұзушылықты байқасаңыз, ұлттық банкке арыздануға болады. Өйткені бас десе құлақ дейтін агенттіктердің жұмысын осы - орталық банк - қадағалауды міндетіне алған.  

Д. Жарқынбек