Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүмкіндігі шектеулі балалар далада қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2021
  • 1625

Мүмкіндігі шектеулі балалар далада қалуы мүмкін. Елордадағы "Ерекше аналар" орталығы жабылудың алдында тұр. Себеп: жалға беруші мен алушының арасындағы текетірес. Мәселенің түбі қор басшысының 9 ай бұрын жалдаған ғимаратқа ақы төлемеуінен басталған. Айтуынша, ол жерде тек екі күн жұмыс істеген. Қыстың кезі болғандықтан, бөлмелері де суық болды, дейді. Ал, нысан иесі мұнымен мүлдем келіспейді. Тараптармен тілдесіп қайтқан тілшіміз Асылбек Даниярдың материалында толығырақ.

10 жастағы Шерхан "Ерекше аналар" орталығына ашылғалы барады. Туғанынан сал ауруына шалдыққан. Оңалту мекемесіне келгелі оң өзгеріс байқаған анасы, орталықтың жабылғанын қаламайды. Бала бағып үйде отырып қалған келіншек, бұл жұмысқа шығуға да үлкен мүмкіндік болғанын айтады.  

Сандуғаш ДОСМАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді маған қиын болайын деп тұр. Осы баламмен 10 жыл үйде отырдым. Енді жұмыс істеп келе жатқанда мына центр қайтадан жабылайын деп жатыр. Жұмысымнан айрыламын - бір. Екіншіден, балам балабақшасынан айырылайын деп тұр.

Айнұр Төлеуованың болса, 2 ұлы аутизммен ауырады. Қазір осы орталықта емделіп жатыр. Туындаған мәселенің салдарынан балалары оңалтусыз қала ма деген уайымда.

Айнұр ТӨЛЕУОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бес күн аптасына жұмыс жасайды балалармен. Бассейндеріне дейін істеді. Бізге енді демеушілер болса шамалы көмектесетін. Білмейміз, біз сотта әрі қарай ұта алмасақ, 3 жарым миллионды жаба алмасақ балалар қайда барады? Біз не істейміз тағы?

Сот демекші, даудың басы орталық басшысының әуелде жалдаған ғимарат құнын төлемеуден басталады. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, 9 ай бұрын жалға алған ғимаратта тек екі күн тұрақтаған. Жайсыз, суық болған соң тәрк етуге мәжбүр болыпты. Сол күндерге ақша төлемегені үшін орталықты жалға беруші сотқа берген. Шығарылған шешім бойынша "Ерекше аналар" қорына 3,5 миллион теңге қарыз ілінеді. Бірақ, олар бұған төлеуге қарсы. Сондықтан, құзырлылар орталықтың есепшотын бұғаттап тастапты.

Манат АЛСЕЕВА, "ЕРЕКШЕ АНАЛАР" ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жұмыс жасамайды екі-үш күннен кейін жылытамыз шыдаңыздар-шыдаңыздар дейді. Бірақ, балалардың жүруі мүмкін болмады. Центрдің жұмысы тоқтатылатынына қатты қапалымыз. Біз жұмыс табамыз, бізге жұмыс табылады. Бірақ, ішіндегі балаларға үйренісіп қалдық бәріміз. Центрдің ол ақшаны төлеуге мүмкіндігі жоқ, сол үшін жабуға мәжбүр болып тұр.


Бұл орталықта жалпы жүзден астам бала бар. Әкімдік өкілдері де, ай сайын тиісті 9 миллион теңгесін аударып отырғанын айтады. Тіпті, қаңтар-ақпан айларында да төлем жасапты. Бұл жағдайға қолдан келгенше көмектесеміз деп отыр. Десе де, қаржылай емес.  

Илья СКУБ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалға берушімен сөйлестік, бірақ райынан қайтар түрі жоқ. Егер жабылып қалса, балаларды оңалтуды өз мойнымызға аламыз. Мүмкін басқа орталыққа көшірерміз. Тағы да айтамын бұл мәселе әкімдіктің құзырына жатпайды. Барлық дау сот арқылы шешіледі. Біздің бұған араласуға құқығымыз жоқ. Ай сайынғы тиісті қаражат уақытылы аударылып жатыр.

Жалға берушінің де өз уәжі бар. Айтуынша, орталық - ғимаратты 1 апта емес 50 күн жалдаған. Тіпті, кәсіпкерден мекеме басшысы 300 мың теңге қарыз алыпты. Сонымен бірге, балалардың тамағына да ақша сұрағанын жеткізді.

Еркін ӘБСАДЫҚОВ, КӘСІПКЕР:

Қыстың көзі қырауда осы жерде 50 күн болдыңдар енді ең болмаса коммуналдық төлем, электр энергияны төлеңдер де кете беріңдер, жарайды аренда ақысын алмай-ақ қойайын десем, жоқ ештеңе төлемейміз дейді. Бір тиын төлеген жоқ. Келісім бойынша 20 желтоқсанда кілтті алды, 25-іне келісімшарт әкелді.

Орталық басшысы болса, мұның бәрін жоққа шығарды. Керісінше, жалға берушіге ешқандай қарыз емеспін дейді. Соттың шешімінде орындауға құлықсыз екенін жеткізді.

Салтанат ҚАЛЕЕВА, "ЕРЕКШЕ АНАЛАР" ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз бірінші қаңтарда келісімшартқа отырдық. Тек 5-6-шы қаңтарда жұмыс істедік. Желтоқсанда балалар болған жоқ, тек мебельдерді жайғастырдық. Ал, олардың өзі тамақпен қамтуға уәде берген. Келісім бойынша, тамаққа ол төлейтін болған. Айдың соңында есеп айырысатын болғанбыз. Мен ешкімнен қарыз емеспін.

Кінәні бір-біріне сілтеп жүрген қос тараптың мәселесі қашан шешілері білгісіз. Қоғамдық қор сот шешімімен келіспей апелляцияға берген. Бірақ ұтылып қалыпты. Қазір тағы да істі қайта қаруға өтініш берді. Әзірге орталық жұмыс істеп тұр.

А. Данияр