Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2021
  • 1374

Елордада  қазақтың даңқты спортшысы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды. Тас тұғыр чемпион атындағы жекпе жек сарайының алдына орнатылған.  Ескерткіштің ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусінов арнайы қатысты.  

 Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
 
Бүгін грек рим күресінің палуаны, спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен құйылған. Биіктігі 7,5 метр.


Жақсылық Үшкемпіров-грек-рим күресінен Олимп шыңына  шыққан тұңғыш қазақ.  Ол қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Бірақ даңқты спортшы "мен осындаймын" деп  ешқашан дандайсыған жоқ.  Қарапайым болды, сонысымен сыйлы болды.   Бүгінгі шараға жиналған оның  жақындары мен үзеңгілестері, елдің құрметті азаматтары    жақсы адам туралы әдемі  естеліктер айтты.

Асхат ОРАЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жақсылық ағамыз тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өздеріңіз білесіздер, арнайы жаңадан салынған Жекпе-жек спорт кешеніне Жақсылық ағамыздың есімі берілді. Болашақта өзіміздің жас балуандарымыз, спортшыларымыз, болашақ Олимпиада чемпиондары, ағамыздың ізбасарлары көп болады деген ойдамыз және бұған ешқандай күмәніміз жоқ.

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасынан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің есімі Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылды. Бүкіл халықтың мақтанышына айналды.    

Қуаныш СҰЛТАНОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
 
Жақсылық Үшкемпіров жастайынан ерекше талпыныспен, ерекше құлшынып, ортасынан озып шыққан  тұлға болды. Осы өткен 1980 жылы Москвада өткен олимпиада ойындарында  ол тұңғыш қазақтан шыққан олимпиада чемпионы болды. Бұл сол кезде  қоғамда үлкен қозғалыс туғызды. Қазақтың рухын көтерді.

Ескерткішті ашу құрметі- Жақсылық Үшкемпіровтың жұбайына берілді. Ал ұрпақтары ата ескерткішіне гүл қойып, шараны ұйымдастырушыларға  алғыс  білдірді.

Күлпан ҮШКЕМПІРОВА, Ж.ҮШКЕМПІРОВТІҢ ЖҰБАЙЫ:
 
Өте ризамын. Көп рақмет. Мен көп рақмет айтам. Жәкеңнің енді айтам өзі жоқ болса да, еңбегі, атағы  ел есінде қалады деп өмірбақиға.

 
Елдос ҮШКЕМПІРОВ, Ж.ҮШКЕМПІРОВТІҢ ҰЛЫ:
 
Бүгінгі сәт, әрине, бұл - тарихи сәт. Мынау өсіп келе жатқан спортшыларымызға, жастарға үлгі.  Енді осындай атасындай болып, осы атасының бағын беріп, Құдай қаласа алда өсіп келеді ғой жастарымыз,  спортшыларымыз. Еліміздің намысын бермей, осы Жақсылық атасындай әлемнің, олимпиаданың жеңімпазы болса екен деп тілейміз. Ол кісінің өзінің арманы да еді.
 
Мемлекет және қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтың өмірден кеткеніне  бір жыл толды. Замандас достары мен әріптестері Мәскеу төрінде атой салған Жақсылық Үшкемпіров қазақ балуандарына  үнемі ағалық қамқорлығын көрсететін деп еске алды.  Ол бапкер болған жоқ, бірақ жастардың спортқа ден қоюына ерекше үлес қосты. Бұл тас тұғыр -халықтың батыр ұлына деген құрметі.


А. Базарбай