Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде тасқын қаупі күшейді

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2017
  • 2257

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 3 адамды сел ағызып, қайтыс болды. Тағы 2 тұрғынды құтқарушылар іздеп таба алмай жатыр. Бұл ақпараттарды бүгін облыстық ТЖД мамандары айтты. Алайда құзыретті орындар олардың қай-қайсысы болсын «су тасқынының құрбандары» саналмайды деп отыр. Төтенше жағдай департаментінің өкілдері қайғылы оқиғалардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болған деп отыр.

Айжан Қуаш, тілші:

Бесоба ауылынан 12 шақырым қашықтықтағы су шайып кеткен жолда әкелі-балалы және 13 жасар жасөспірім қаза тапты. Оқыс жағдай сенбі күні болған. Олар "Уаз" көлігімен Қарашоқы ауылынан Бесобаға жетпек болған. Алайда, машина аударылып кетіп, адамдар суға тұншығып қаза тапқан. Осылай деген марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға Бесоба ауылының әкімін кінәлі деді. Жүргізуші қауіпті аумаққа бастығының тапсырмасымен барған көрінеді.

Серік Қаппаров, марқұмдардың туысы:

Мен түсінбейтінім, ағамды неге кешкі сегізде ол жерге жібереді. Сағат жетіде ауылдың әкімі менің жеңгеме звондайды. Болат сөйлеседі, Қазір машина ал да, Қарашоқы жаққа барып, адамдарды алып кел деп, тапсырма береді. Тапсырманы орындайды. Ол қасына баласын алады. Менің таң қалатыным, комиссия мүшелері қайда? Судың деңгейін тексертпей жатып, өзі бармай, жаңағы штабтың адамдары неге Болатты өлімге айдап салады?

Ал, төтенше жағдай департаментінің дерегі басқа. Олардың пікірінше, жапа шеккендер жолда сел жүріп жатқанын көре тұра, қауіпсіздік ережесін сақтамаған. Сондықтан олар су тасқынының құрбандары қатарына жатқызылмайтынын жеткізді.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Елді мекендердің басын су алып, эвакуациялау кезінде суға батып кеткен болса, ол су тасқындарының салдары деп санауға болады, санау керек. Бұл адамдар өздері жаңағы жерге барып отыр ғой. Өздері жаңағы суға барып отыр. Оны біз қалай су тасқыны деп санаймыз?

Дегенмен, суға батып кеткен көлік білім бөліміне тиесілі және оның ішінде сол сәтте учаскелік инспектор бастаған 13 жолаушының болғаны расталды. Бірақ ол туралы құтқарушылар нақты ақпарат айтпай отыр. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Уаз көлігі сол маңдағы жағдайды бақылау үшін жіберілуі тиіс болатын. Алайда, қаншама жолаушының қайдан пайда болғанын енді полицейлер ғана анықтай алады. Оқиғаға қатысты ҚК-тің «Адам өлімі» бабымен іс қозғалды.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Осы қылмыстық істің аясында жаңағы адамдар қаншалыққа ол жаққа өтуге тиіс болды? Оны қай жаққа жіберді? Осы қылмыстық істің аясында барлығы анықталады.

Сондай-ақ, дәл сол сенбі күні 36 және 41 жастағы ағайындылар да Жарлы ауылындағы Қопа өзеніне ағып кеткен. Құтқарушылар жоғалғандарды екі күннен бері іздеп жатыр. Ал иесіз қалған жылқылар ауылға аман жеткен деген ақпарат бар. 

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Үш адам болған негізі. Мал іздеп шыққан кезде жаңағы өзеннің бойында аса қатты ағын болмаған. Артқа қайтып келе жатқан кезге қарай, ағынның күші қатты болғаннан, ол өте алмай қалған. Дегенмен, өтем деп жаңағы екінші ағасы көмектескен кезде екеуін су алып кеткен. Үшінші адам сол жерде қалған.

Айжан Қуаш, тілші:

Ал, су ортасында қалған үшінші азаматты құтқарушылар қайықпен құтқарып алған. Мамандардың айтуынша, аман қалған куәгердің дерегіне сәйкес, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, аймақтағы су тасқынының күштілігін ескерсек, жоғалғандарды тез арада табу оңай болмай тұр. Ал синоптиктер осы аптада күрт жылынатынын болжап отыр. Сондықтан тасқын осы аптада күш алады. Сондықтан құтқарушылар сел алған аумақтармен жүрмеуге кеңес береді.

Айжан ҚУАШ