Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда көлік жүргізушісі аялдамадағы 4 адамды қағып кетті

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2021
  • 1804

Тараз қаласында автокөлік жүргізушісі аялдамада тұрған төрт адамды қағып кетті. Екі адам сол жерде көз жұмды. Қалған екеуі ауруханаға жеткізілген. Оқиғаның мән-жайын өңірдегі тілшіміз Берік Жұмабай  жеткізеді.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Жол көлік оқиғасы мына артымдағы аялдамада болған. Хюндай маркалы автокөлігінің жүргізушісі мына жақтан қатты жылдамдықпен қарама-қарсы шыққан.  Келіп, аялдамада автобус күткен адамдарды қағып өткен.   Екі әйел осы жерде көз жұмды. Оның бірі -40-45, екіншісі 65 жас шамасында.  Тағы екеуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Соққының қатты болғаны соншалық, бірнеше адамды ұшырып, бір тұрғынды 15 метрдей жерге сүйреп бір-ақ апарған. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің біреуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөліміне жатқызылған. Ал екінші науқастың жарақаты жеңіл, алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, үйіне қайтарылған.   
     
Сәкен ЖҰМАШЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
1968ші жылғы науқасымыз жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр, оның бес қабырғасы сынған. Және де миы шайқалған. Төменгі жақ сүйегі сынған. Екі тізесіндегі шеміршектердің барлығы үзілген.

Бұл оқиғаға қатысты полиция департаменті 23 жастағы көлік жүргізушісін ұстаған. Жаға ұстатарлық жол апатының қалай болғаны дүкендерде тұрған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Көлік тоқтай алмай, арғы беттегі сауда дүкенінің алдына барып қаңтарылған.  

Бақыт РАТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

7нші мөлтек ауданы мен 9ншы мөлтек ауданы ортасынан өтетін жолда жол көлік оқиғасы болды. қазір тергеу жүріп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша,   жүргізуші 23 жастағы жігіт. Ол көлікті басқару кезінде ұйықтап кеткен болуы мүмкін. Әзірге күдіктіге қатысты басқа  ақпарат жоқ. Оның көлік тізгінінде қандай күйде болғаны мен апаттың себебін полицейлер жақын күндері жариялаймыз деп отыр.

Б. Жұмабайұлы